Елбасы газ кен орындарына геологиялық барлауды жандандыруды тапсырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Қауіпсіздік кеңесінің отырысында газ кен орындарына геологиялық барлауды жандандыруды тапсырды. Бұл туралы бүгін ҚР Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Саланың барлық міндеттерін жүзеге асыру үшін ресурстық базаларды, тиісті мәселелерді одан ары пысықтау қажет. Осыған байланысты 7 ақпан күні өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Елбасы геологиялқ барлауды, оның ішінде газ ресурстарын барлауды жандандыруды тапсырды. Сондықтан министрлік ҚазМұнайГазбен бірге әзірленіп жатқан 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлау бағдарламасы аясында газ кен орындарын геологиялық барлау жұмыстарын жандандыруы қажет. Бірінші вице-министр Махамбет Досмұхамбетовке мұны бақылауға алуды тапсырамын»,- деді Қ.Бозымбаев.

Жалпы, оның дерегінше, 2018 жылы елімізде 55,5 млрд текше метр газ өндірілген. 2017 жылмен салыстырғанда өсім 5 пайызды құрайды. Ал ағымдағы жылы еліміз 55 млрд текше метр газ өндіруді жоспарлап отыр.

Тауарлық газ өндіру көлемі де 54 пайызға артып, 33,3 млрд текше метрге жетіп отыр. Ал сұйытылған газдың өткен жылғы өндірілген көлемі 3,1 млн тоннаны құрады.

«Елдің газдандырылу деңгейі 2019 жылдың 1 қаңтарында 49,68 пайызға жетті. 2017 жылмен салыстырғанда 23 пайыз өсім бар. 9 миллион адам көгілдір отынға қол жеткізген. Ал ағымдағы жылдың қорытындысында газдандыру деңгейі 50,5 пайызға жететіндігі жоспарланған», - деді Қ.Бозымбаев.

Соңғы жаңалықтар