Елбасы Еуразиядағы геосаяси жағдайға әсерін тигізетін қауіп-қатерді атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия кеңістігіндегі геосаяси жағдайға әсерін тигізетін қауіптерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен де Еуразиядағы геосаяси жағдайға жағымсыз әсерін тигізетін қауіптер жайлы көзқарасымды білдірсем деп едім. Біріншіден, бізді келе жатқан дағдарыстан хабар беретін әлемдік экономикадағы ахуал алаңдатады. Сауда текетірестері өсіп келе жатқандықтан, геосаяси тұрақсыздық ахуалына әлемдік институттар теріс бағасын беріп жатыр. Жаһандық өсімнің бәсеңдеуі әлемдік саудаға теріс ықпалын тигізіп келеді. Жаһандық мемлекеттік қарыздың деңгейі 2007 жылғы дағдарыс алдындағы қарыз деңгейінен екі есе артып, әлемдік ЖІӨ-нің 80 пайызына жетті. Бұл факторлардың барлығы әлемдік тұрақтылықты теңселтіп, Еуразия елдеріне қатты ықпал етіп отыр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев Astana Club отырысында.

Тұңғыш Президент Astana Club отырысына қатысушылардың бірқатарымен жеке кездескенін, дәл сол кездесулерде аталған мәселелер талқыланғанын тілге тиек етті.

«Екіншіден, әлемдік державалар арасындағы бәсекелестік жаңа деңгейге шықты. Өзара санкциялар, сауда соғыстары – АҚШ пен ҚХР-дың қазіргі қарым-қатынасының қалыпты жағдайына айналып кеткен. Агрессивті риторика, экономикалық санкция – Батыс пен Ресей арасындағы негізгі қатынас тілі болып тұр. Тұрақты коммуникация арналарының болмауы ахуалды одан сайын қиындатып отыр. Жетекші державалардың арасындағы текетірес автоматты түрде Еуразияның ыстық нүктелеріне ауысып отырады. Ол жағдай Сирия мен Украинадағы мәселені бейбіт түрде шешу амалдарын қиындатады. Ал Брексит – соңғы уақыттың негізгі антиинтеграциялық оқиғасына айналды», - деді ол.

Айта кетсек, елордада ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Astana Club отырысы өтіп жатыр. Кезекті басқосуға әлемнің 23 мемлекетінен геосаясат, экономика мен халықаралық қатынастар саласының маңдайалды сарапшысы ретінде мойындалған 50-ден астам халықаралық спикер қатысуда. Құрметті меймандардың қатарында - 3 бұрынғы мемлекет басшысы, 5 экс-премьер-министр, 10 министр және Нобель сыйлығының лауреаты бар.

Соңғы жаңалықтар