Елбасы: Еліміздің ірі қалаларында жастар үшін жылына 1 мың пәтер салынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жастар үшін жылына 1 мың пәтер салынады. Бұл туралы Жастар жылының ашылуына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Баспана проблемасының өзектілігін ескере отырып, қанша құрылыс жүргізілсе де, ірі қалаларда тұрғын үй жас отбасыларға жеткіліксіз болып келеді. Осы орайда тұрғындары миллионнан асқан үш қала бойынша тиісті тапсырма бермекпін. Атап айтқанда, халқы миллионнан асқан шаһарлар көбірек болғанын қалаймын, себебі осындай қалаларда білім беру, ғылым мен мәдениеттің даму қарқыны жоғары болады. Сарапшылардың айтуынша, әлемнің 600 ірі қаласы әлемдік өнімнің 60 пайызын өндіру көрсеткішіне жетеді. Бізде ірі шаһар ретінде Алматы ғана болған еді, енді Астана мен Шымкент те осы деңгейге жетті. Тағы да екі қала осындай межеге жету алдында тұр. Осы ірі қалаларда жылына 1 мыңнан кем емес пәтер жұмыс істейтін жастар үшін салатын боламыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке берген тапсырмасында.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, осы пәтерлер арендалық баспана санатына жатқызылуы керек.

Сонымен қатар Президент бұл бағыттағы мәселені шешуге «7-20-25» бастамасы да бағытталғанын жеткізді.

«Осындай баспанаға жұмыс істейтіндер үміт арта алады. Жұмыс - ол әл-ауқаттың негізгі көзі. Біз Қазақстанда патернализмді дамытқымыз келмейді, яғни барлығын мемлекетке жүктеп қойған дұрыс емес. Өздеріңіздің істеріңізбен мемлекетке қолдау жасауларыңыз керек. Сондықтан жас қызметкерлер үшін баспана жағдайын жасауға барлық меншік түріндегі кәсіпорындар белсенді түрде қатысуы қажет. Бұл тұрғыда біздің барша ірі компанияларға үндеу жасап отырмын», - деді Президент.

null

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын.

Президент өз сөзінде жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін айтқан еді. Ал, арада бір айдан астам уақыт өткенде Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды.

Соңғы жаңалықтар