Елбасы елге оралмақ қандастарды құжаттармен жүгіртпеуді тапсырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы барысында ҚР Сыртқы істер министрлігіне және Үкіметке шетелден Атажұртқа оралуға ниеттенген қазақтарға құжат жинатып, шекарада шырғалаң туғызбауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елім, жерім деп еңіреген әрбір қазаққа Қазақстанның есігі әрқашан ашық, айқара ашық. Ешкімге шектеу жоқ. Жағдай бар, еліме келемін дегендерге қауымдастық арқылы барлық жағдайды жасауымыз керек. Біз көшіп келуге ниет еткен ағайынға жол сілтеуді тұрғылықты жерінен бастауымыз керек. Біздің барлық елдерде Елшіліктеріміз бар. Сол Елшіліктер азаматтардың құжаттарын қамдап, қоныстанатын жері туралы кеңес беруі тиіс. Осында отырған Сыртқы істер министріне тапсырамын. Келемін дегендер шекарада ылғи шырғалаң болып тұрады. Елге келгеннен соң, құжат түгендеу үшін ары-бері сарылу болмауы керек. Қытай қазақтарының сотталғаны немесе сотталмағаны туралы анықтама алу жайы ағайынға проблемалар туғызады. Оны шекара тұрғысынан сол жерде анықтап, елменен ақылдасып, келісіп, шешу керек. Үкіметке осының барлығын кешенді түрде қайта қарап, шешімін табуды тапсырамын», - деді Президент Құрылтайдың ашылу салтанатында.

Айта кетейік, Астана қаласында Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өз жұмысын бастаған болатын. Құрылтай жұмысына барлығы 800 делегат пен қонақ қатысуда, оның 350 адамы алыс және жақын шетелдегі 39 мемлекеттен келді. Бұл - ғылыми-шығармашылық және педагогикалық зиялылар өкілдері, бизнес, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары салаларының мамандары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері. Құрылтай делегаттары мен қонақтарының 80 пайызы мұндай іс-шараға алғаш рет қатысуда.

Дүниежүзі қазақтары құрылтайының баспасөз орталығында 150 отандық және шетелдік БАҚ өкілдері ақпарат таратады.

1992 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Құрылтай дүниежүзінің түкпір-түкпірінде тұратын этникалық қазақтардың кездесу орны әрі бірегей сұхбат алаңы болып табылады.

Соңғы жаңалықтар