Елбасы ЭКСПО қаражатын үнемдеуде Есімовтың жүйелі жұмыс атқарғандығын айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана ЭКСПО-2017» ҰК басшысы Ахметжан Есімовтың ЭКСПО-қалашықты тұрғызуда және көрмеге дайындық барысында қаражаттың айтарлықтай үнемдегенін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алғашында шығын 800 млрд теңге көлемінде еді. Қолданылған шаралар нәтижесінде шығын көлемі екі есеге - шамамен 400 млрд теңгеге қысқарды. Мұның бәрі Ахметжан Есімов жетекшілік ететін ЭКСПО-2017 ұйымдастырушыларының еңбегі. Олар жақсы жұмыс істеді», - деді Президент Хабар телеарнасына берген сұхбатында.

Мемлекет басшысы ЭКСПО-2017 көрмесінің өзге елдердің жаңа технологияларымен танысуға мүмкіндік бергенін баса айтты.

«Барлығы өзгеріп жатыр. Жаңа технологиялар пайда болуда. Ақпарат көлемі жыл сайын 2-2,5 есеге ұлғайып келеді. Қуып жету мүмкін емес. ЭКСПО-да барлық мемлекеттердің ең үздік идеяларын бір орынға тоғыстыра алдық. Біздің ғалымдар, министрліктер және мекемелер энергияға қатысты соңғы жаңалықтарды көру мүмкіндігіне ие болды», - дейді Н.Назарбаев.

Президент сөзінде ЭКСПО-2017 көрмесі астаналық бизнеске де үлкен көмек көрсеткендігін атап өтті.

«Астананың барлық қонақүйлері лық толы. Келушілердің көптігінен бизнес гүлдене түсті. Туристердің көптігінен қала бюджетіне түсім де еселеп көбейді, - деп өз сөзін түйіндеді Президент.

Соңғы жаңалықтар