Елбасы экономиканы дамытуда әлем елдері бет бұрған бағыттарды атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Global Challenges Summit 2018 форумында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономиканы дамытуға баламалы энергия көздерінің ықпалы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаһандық тренд - ол энергетикалық революция, әлемнің таза энергетикаға қарай жылжуы. Тек 30 жылда жаңаратын энергия көздерінен алынатын энергия көлемі 13 есеге өсті. Соңғы 5 жылда күн панельдерінің құны 2 есеге жуық төмендеді. Электромобильдерге деген бетбұрыс байқалуда. Сарапшылардың айтуынша, егер де автопаркті электрокарларға ауыстарса, бұл өз кезегінде Жердегі ауаны 200 жыл бұрынғы деңгейге дейін тазартуға мүмкіндік береді», - деп тоқталды Елбасы.

Президент елдер экономикасының дамуындағы бірінші жоспарға цифрлық технологиялар мен жаңаратын энергия көздері шығып отырғанын атап өтті.

«Табиғи ресурстарға әлемдік сұраныстың сақталуына қарамастан, бұл ресурстар бүгінде айтарлықтай басымдыққа ие емес және елдер үшін жоғары табыстың көзі болмай отыр. Осы орайда энергетикалық нарықтардың барлық ірі ойыншылары, яғни корпорациялар мен елдер жаңа энергетикаға ауқымды инвестициялар салумен айналысуда», - деді Н. Назарбаев.

Бұл ретте Мемлекет басшысы өткен жылғы ЭКСПО-2017 көрмесіне тоқталды.

«Қазақстан бұл процестен тыс қалып отырған жоқ. Атап айтқанда «Болашақ энергиясы» тақырыбында сәтті өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі елде жасыл экономиканы жүйелі дамытуға база болды. Жалпы, 2030 жылға қарай біздің энергиялық баланстағы баламалы энергия үлесі 30 пайызға дейін жеткізіледі», - деді Президент.

Соңғы жаңалықтар