Елбасы «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасын ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет. Бұл жайында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында жазды.

Мақалада Қазақстан Президенті «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы аясында  «Дала фольклорының антологиясын» жасау керектігін атап өтеді.

«Мұнда Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері - ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады. Сонымен қатар, қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын - «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет», - дейді Елбасы.

ҚР Президентінің пайымынша, Ұлы Даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық форматта «жаңа тыныс» алуға тиіс. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін көшпенділердің бай мұрасын жүйелеуге қабілетті ғана емес, сондай-ақ, оның өзектілігін арттыра алатын отандық және шетелдік кәсіби мамандарды тарту маңызды.

«Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз. Ауызша және музыкалық дәстүрді жаңғырту қазіргі заманғы аудиторияға жақын әрі түсінікті форматта болуы керек», - деп жазады Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы орайда ҚР Президенті көнерген сөздер мен мәтіндерді суреттерімен қоса беруге, айқын видеоматериалдар формасында ұсынуға болатындығына назар аудартады. Музыкалық дыбыстар мен әуендер табиғи аспаптармен ғана емес, олардың заманауи электронды нұсқалары арқылы да шығарылатындығын атап өтеді.

«Сонымен қатар, фольклорлық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру қажет», - дейді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Президент аталмыш мақаласында «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуды ұсынған болатын. Сондай-ақ, 2019 жылы Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру керектігін айтты. 

Соңғы жаңалықтар