Елбасы дағдарысты еңсерудегі Үкіметтің жұмысын оң бағалады

None
None
денің 31-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Дағдарысқа қарсы Үкіметтің жұмысын оң деп бағалауға болады. Осы аптада екінші жартыжылдықтың қорытындыларын қараған Елбасының атқарушы биліктің іс-қимылына берген бағасы осы.   Дер кезінде қабылданған жүйелі шешімдер мен қарымды іс-қимылдардың нәтижесінде Үкімет  жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермей, отандық өндіріс пен өнеркәсіпке, шағын және орта бизнеске дем берді.

 Индустрияландырудың жаңа президенттік бағдарламасы қарқын алып, дағдарыспен күрес «Жол картасымен», яғни айқын стратегиялық жоспармен жан-жақты жүзеге асырылып келеді.      Осының бәрі жемісін бере бастағаны анық. Елбасының сөзімен айтсақ, әлемде қаржы дағдарысы әлі де тоқтаған жоқ. АҚШ, Еуропа елдерінде, ТМД мемлекеттері аумағында да дағдарыстың әсері байқалуда. Атап айтқанда, алда тұрған қиыншылықтар өте көп, жұмыссыздық өсіп жатыр. Жалпы, барлық елдерде экономиканың төмендеуі орын алып, сыртқы  және ішкі сауданың көлемі де азаюда. Осының бәрін салыстырып қарағанда, біздің дағдарысты еңсеру тұрғысында қабылдаған шараларымыз экономикамызды бір қалыпта ұстауға мүмкіндік туғызды деп айтуға болады. 

      Расында да, дағдарыс дендеп, әлем елдерінің экономикалары құлдырап жатқанда Қазақстанда ылдидан өрге ұмтылыс байқалып, бірінші тоқсанға қарағанда, екінші тоқсанда 3 пайыздық болса да өсім бар. Жалпы экономикалық қызметте де әуелгідей абыржу басылып,  ен жайлай кірген дағдарыстың да екпіні тосылып, байырқалағандай. Бұл, әрине, қарымды іс-қимылдар мен дер кезінде қабылданған ұтқыр шешімдердің жемісі.  

 

***

 

     Дағдарыс қанша дағдартуға тырысқанымен, ел экономикасына серпін беретін жобаларды жүзеге асыру жалғасын табуда. Бұл заңдылық та болар. Өйткені, мұндай жобалар ертең экономиканың тамырына қан жүгіртіп, қазынаға табыс болып құйылады. Ел экономикасы үшін аса тиімді сондай жобаның бірі «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлік дәлізі екеніне дау жоқ.  Еліміздің Көлік және коммуникация министрлігінде шілденің 31-і күні осы жобаны қаржыландыру мәселесі бойынша  Ислам Даму банкімен (ИДБ) арада келісім жасалды.  Истисна'а, яғни ұзақ және үлкен жобаларды исламдық қаржыландыру туралы және  Агенттік  келісімге Қазақстан тарапынан Қаржы министрі Болат Жәмішев пен ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов, Ислам банкі тарапынан ИДБ вице-президенті Әбубәкір Бирама Сидибе қол қойды.   

Бұл да болса, Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын  іске асырудың нақты бір көрінісі.  ҚХР-ның шекарасынан басталатын бұл көлік дәлізі Қазақстан аумағы арқылы өтіп, тек Қытай ғана емес, басқа да азиялық елдерге Еуропаға шығудың тиімді жолы болмақ. Жолдың жалпы ұзақтығы 8445 шақырым, оның 2787-сі Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Батыс пен шығыстың арасында автокөліктің  даңғыл жолын салып, жүк тасымалына кеңінен жол ашу арқылы транзиттік әлеуетімізді пайдалансақ, ел аумағы арқылы өтетін жүк тасымалының өзінен-ақ қырауар қаржы қазынаға құйылмақ.  Сондықтан жобаны қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен қаражат және халықаралық қаржы институттарынан займ тарту көзделсе, кейбір учаскелерде мемлекеттік-жекеменшіктік серіктестік тетігін қолдану жоспарланған.

 «Аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін біз  ірі 4 банкпен келісімге қол қойдық. Солардың бірі - Ислам Даму банкі. Жұмыс келесі жылдың қаңтар айынан басталады», - деді Ә.Құсайынов. Б.Жәмішев өз кезегінде займның шарттарына сәйкес, қарызды өтеу мерзімі 20 жылға созылатындығын және жеңілдік мерзімі  4 жыл екендігін айтып отыр.

 

Нақты мәліметтерге жүгінсек, жобаны іске асыруға 2009 жылғы бюджет бойынша 31,2 млрд теңге қарастырылған. Қызылорда және Жамбыл облыстарында қайта салу жұмыстарын бастау, сонымен бірге Қарабұтақ -Ырғыз - Қызылорда облысының шекарасы учаскесінде ұзақтығы 974 шақырым жолда жұмыстарды жалғастыру жоспарлануда. Қазіргі уақытта мердігерлік ұйымдар мен консультациялық компанияларды іріктеу конкурстары өткізілуде. Жалпы жоба бойынша инвестициялар 804 млрд. теңгені құрайды. Жыл сайын құрылысқа орташа есеппен 50 мыңға жуық адам тартылып, құрылыс жұмыстарын 2012 жылы аяқтау көзделген.

 

***

 

  Бұл аптаның тағы бір жаңалығы - кезінде ұсақ шаруашылықтарға - шаруа қожалықтарына бөлініп кеткен ауылшаруашылық құрылымдарының басын кооперативтерге біріктіру туралы ұсыныс.  Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің бәсеке қабілеті мен қаржы-экономикалық қуатын арттыруды көздеген Үкімет әлеуметтік -кәсіпкерлік корпорациясының үлгісімен еліміздің 4-5 облысында ілкі жоба ретінде бірнеше шаруашылықтың басын біріктіретін корпорация құруды ойластырып отыр. Бұл мәселені Премьер-Министр қолдап, қажет болса, қаржылай көмек те жасалатындығын айтып, тиісті органдарға  ұсынымдар енгізуді тапсырды.

 

     Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі ауылдық жерлерде тұтыну кооперативтерін дамыту мәселесі бойынша облыс әкімдіктеріне жұмыс топтарын құруды ұсынды.  «Республикада өсімдік өнімінің 60 пайызы және мал шарушылығының 90 пайызы ұсақ, қосалқы шаруашылықтарда өңделеді.  Бұл  бәсекелестік тиімділігін азайтып отыр. Соған байланысты ұсақ шаруашылықтарды біріктіру мәселесі бойынша мақсат қойылды. Бұның бірден бір жолы - тұтыну кооперативтерін құру. Атап айтқанда, бұл әлемде дамыған жүйе болып табылады. Яғни, тұтыну кооперативтері дегеніміз, жекеменшік қосалқы шаруашылықтар, ұсақ шаруашылықтар өзінің ықтиярымен бірігіп, коммерциялық емес кооперативті құрады», деді аптада өткен селекторлық кеңесте Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев. Министр бұл істің ауылшаруашылық өнімін өндірушілер үшін тиімді болатынын айтады. Мысалы,  биылдан бастап осындай кооперативтерге салынатын салық азайған. Бұған қоса, кооператив құрылған мемлекет тарапынан жеңілдетілген пайызбен несие беру  мүмкіндігі де қарастырылып отыр.

         Бұл құрғақ сөз емес. Өйткені мұндай кооперативтер тыңнан түрен салып құрылғалы жатқан жоқ. Елімізде қазір осындай 130 кооператив несие алып, жұмыс істеп жатыр. Бірақ  бұл көрсеткіш тым аз.  Осыған байланысты министр селекторлық кеңес барысында кооперация идеясын түсіндіру мақсатында алдағы айдың ішінде облыс әкімдіктеріне арнайы жұмыс топтарын құруды ұсынды. Бұл жұмыс топтарының күшімен жергілікті жерлердегі ахуал зерделеніп, жыл соңына дейін әр облыста сервистік, қамтамасыз ету, өнімді дайындау және оны өткізу бағытында кем дегенде 2-3 ілкі тұтыну кооперативтерін құру керек. Ең бастысы, бұл мәжбүрлеп емес, шаруашылық нысандарының өз ықтиярымен жүзеге асуы тиіс. 

Сонымен қатар, А. Күрішбаев 2010 жылдың бюджетін қалыптастыру кезінде тұтыну кооперативтерін несиелендіру көлемін 3,5 миллиард теңгеге дейін арттыруды да ұсынды.

 

Соңғы жаңалықтар