Елбасы бизнес иелеріне: Сіздер жұмыс орындарын сақтау арқылы қоғамға қамқорлық көрсетесіздер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдаған үндеуінде қиындықта қол ұшын беру – игі дәстүр, халқымыздың қанында бар, бойымызға сіңген асыл қасиет екенін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Компания иелері өздерінің қоластында еңбек етіп жүрген жандарға қаржылай да, моральдық тұрғыдан да жәрдемдеседі деп сенемін. Мәселен, уақытша демалысқа жіберуге мәжбүр болған жағдайда еңбеккерлерді ақылы түрде босатқан немесе қысқартылған жұмыс кестесіне көшкен абзал. Отандық бизнес өкілдерін жалдамалы қызметкерлерді жұмыстан шығармауға шақырамын. Сіздер жұмыс орындарын сақтау арқылы қоғамға қамқорлық көрсетесіздер», - деп атап өтті Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта ең әуелі аса мұқтаж жандарға көмек көрсету керек.

«Менің тапсырмаммен «Nur Otan» партиясының жобалары аясында 150 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражат карантин жарияланған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға атаулы көмек көрсетуге жұмсалады. Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін менің шешіммен Тұңғыш Президент қоры есебінен тағы 200 миллион теңге бөлінді. Жалпы, коронавирусқа қарсы күреске арналған қаражаттың дұрыс жұмсалуын «Nur Otan» партиясы бақылауында ұстайды деп ойлаймын», - дейді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев үлкен кісілерді, балалар үйі тәрбиеленушілері мен арнаулы ауруханалардағы науқастарды қажетті заттармен үзбей қамтамасыз етуге баса көңіл бөлген жөн екенін айтты. Еліміздің көмекке мұқтаж әрбір азаматына қамқорлық көрсетілуге тиіс.

«Қазақстандықтар қиын кезеңде әрдайым бір-біріне жәрдемдескен. Бұл іске еріктілер қозғалысының өкілдері де атсалысады деп сенемін. Сондай-ақ, біз пандемиямен күрестің «алдыңғы шебінде» жүрген дәрігерлер мен медбикелерді, құқық қорғау органдары мен әскери қызметкерлерді қолдауымыз керек. Олардың иығына ауыр жүк түсіп, зор жауапкершілік артылып отыр. Жұртшылықтың оларға көмектесіп, түсіністік танытуға және барлық нұсқауын жауапкершілікпен орындауға тырысқаны жөн», - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.


Соңғы жаңалықтар