Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 360.12 EUR 409.67
RUB 5.33 CNY 52.34
Жаңалықтар

Елбасы Ақтау саммитіндегі қорытынды құжаттың маңызын түсіндірді

2018 жылғы 12 тамыз 18:23 794
Бөлісіңіз:
Елбасы Ақтау саммитіндегі қорытынды құжаттың маңызын түсіндірді

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Каспий маңы мемлекеттерінің бесінші саммитінен кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның маңыздылығын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұқсас жаңалықтар
Теңіз бе, көл ме: Сарапшы Каспийдің құқықтық мәртебесін түсіндірді Каспий конвенциясы: Экономикалық әлеуеті қандай

«Конвенцияны бекіте отырып, біз бағыттардың кең шоғыры бойынша теңіз маңы елдерінің ынтымақтастығы үшін тиімді құқықтық базаны құрамыз. Құжатта Каспийде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге айрықша назар аударылған. Сонымен бірге, тараптар өз қызметінде негіз болатын ұстанымдарды орындайтындығы айқындалған», - деп тоқталды Мемлекет басшысы.

Оның ішінде Каспийді бейбітшілік пен тату көршіліктің әрі достықтың аймағына айналдыру, теңізді бейбіт мақсатта пайдалану, елдердің аумақтық тұтастығына құрметпен қарау, Каспий тараптарына жатпайтын қарулы күштерді болдырмау ескерілген.

 «Түрлі режімдер арқылы акваторияларды аймақтарға бөлу бойынша консенсуске қол жеткізілді. Біз территориялық суларды 20-15 теңіз милі енімен бекіттік, сонымен бірге олардың сыртқы шекарасы мемлекеттік мәртебесіне ие болады», - деді Н. Назарбаев.

Белгілі болғандай,  территориялық суларға 10 мильдік балық аулау аймақтары шектеседі. Онда әрбір мемлекет балық аулауға қатысты айрықша құқыққа ие.

 Сонымен қатар Елбасы теңізде бекіре балықтарын қорғау мәселесіне назар аудару қажеттігін атады.

«Биологиялық ресурстардың бірегей популяциясын сақтау мақсатында барлық акваторияда балық аулау шаралары келісілген ұлттық квоталар негізінде іске асырылады. Өздеріңіз білесіздер, осыған дейін бекіре тұқымдастарына мораторий жариялау туралы арнайы шешімді қабылдадық», - деді ҚР Президенті.

Балық аулау аймақтарынан тыс аумақта ортақ су кеңістігі сақталады. Мемлекеттік теңіз шекараларынан тыс жерде елдердің кемелері үшін еркін жүзу тәртібі іске асырылады.

«Әрбір мемлекет өзінің теңіз түбіндегі секторының шекарасында жер қойнауын пайдалануда тәуелсіз құқығын жүзеге асырады. Сонымен бірге теңіз түбімен магистарльды құбырларды, кабельді тарту мүмкіндігі ескерілген. Алайда экологиялық талаптар сақталуы тиіс», - деді Елбасы.

«Мен әріптестеріме, яғни барлық елдің басшыларына, сондай-ақ  Конвенцияны әзірлеген арнайы жұмыс тобына өте маңызды жұмыс атқарғаны үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздер болмасаңыздар бүгінгі жетістікке жетпес едік. Ақтау саммитінің қорытындылары Каспий теңізіндегі жан-жақты іс-қимылдарымызды ілгерілетуге өз үлесін қосатын болады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ақтау саммитіне қатысқан бес елдің басшылары Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойды.   

 

 

 


Бөлісіңіз:

Автор:

Руслан Ғаббасов

Онлайн қызметкерлер
Редактор
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059
Мұрағат