Ел тұрғындарының ұсыныстары заң шығару жұмысында ескеріледі – Мәжіліс төрағасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин биыл бірқатар маңызды заң жобаларды мақұлдау бойынша жұмыстар атқарылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін жаңа 2020 жылғы алғашқы жалпы отырысымызды өткізудеміз. Біздің жаңа жылдағы жұмысымыз әдеттегідей аймақтарды аралаудан басталды. Барлық үш фракцияның депутаттары және Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар тек облыс орталықтарында ғана емес, аудандарда, қалаларда, шалғай ауылдарда да болып, кеше ғана іссапардан келді», - деді Н. Нығматулин ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында.

Осы орайда ол әрбір депутат жергілікті тұрғындарға елімізде, Мәжілісте атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндағанын атап өтті.

«Аймақтарда әлеуметтік көмектің жаңа форматы туралы, денсаулық сақтау кодексі жайында және жұмыспен қамту, сондай-ақ басқа да мәселелер көтерілді. Осы кездесулерде айтылған барлық ұсыныстарды, пікірлерді алдағы заң шығару жұмысымызда ескеретін боламыз», - деді Мәжіліс төрағасы.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Мәжілістің портфелінде 61 заң жобасы бар. Осы сессияның аяғына дейін тиісті тапсырмаларды іске асыру үшін бірқатар маңызды заң жобаларын мақұлдау керек. Бүгінгі жалпы отырыста палата бірқатар заң жобаларын жұмысқа алып, бұл құжаттар бойынша талқылауды бастайды.




Соңғы жаңалықтар