Ел Тәуелсіз болмаса, ерлері де еленбейді...

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан - тәуелсіз ел. Тәуелсіздік жолында ата – бабаларымыз талай тар жол тайғақ кешуден өтті. Еліміздің басынан азап та, аштық та, сұм соғыс та өтті. Әсіресе, XX ғасыр Қазақ халқы үшін ауыр тиіп, қайғыға толы кезеңмен есте қалды. Қанша қиыншылық басымыздан өтседе, біз оларды ешқашан ұмытпаймыз. Себебі, бұл тарих «өткенімізді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді» деген даналық сөз бар. «Елдің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаттық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа». Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы сөздері керемет, киелі ұғымдарға бастайды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы - Ұлт санасының жаңғыруын мақсат еткен еңбек - бағдарламалық құжат. Бұл іргелі мақаланы халық Мәңгілік Ел мұратын жүзеге асырудың түп негіздерін көрсетіп берген тұжырымдамалық бағдарлама ретінде қабылдауда. Бұл халқымызға рухани жол көрсететін нақты бағдар екеніне күмән жоқ. Нағыз ұлттық жаңғыру тек Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгенде ғана, Елбасының ұзақ мерзімді стратегиясының негізінде басталды деп айтуға болады. Оған айтылар мысалдар да жеткілікті. Кешегі он бес республиканың басын біріктірген Совет Одағы кезінде руханият саласында ерекше келеңсіздіктер болды. Әсіресе біздің мәдениет пен руханият саласындағы талантты да дарынды тұлғаларымызды бағалау бәсең болды. Соның көпке мәлім бір дерегімен бөліссек.

Ілияс пен Олжас неге бағаланбады?

…«Ғалымдар күн шығыстан шығады дейді. Олар қателеседі. Грузиндер үшін күн солтүстіктегі Москвадан шапағатын шашады. Осы жоғары мінберден, әлемдегі мемлекет басшыларының бірде-бірі Леонид Ильич Брежневтей беделді болған емес деп мақтанышпен айта аламын». Грузия Компартиясының басшысы Эдуард Шеварднадзенің 1980 жылы ЦК Пленумында айтқан осы сөзі, грузин жазушысы Нодар Думбадзенің «Закон вечности» романына социалистік елдердегі ең жоғарғы, Лениндік сыйлықты алып берді.

СССР мәдениет майталмандары бұл сыйлық Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясына берілуін күткен еді. Сол жылдары Мосфильмдегі әйгілі режиссерлер, «Көшпенділер» кітабының Лениндік сыйлықты алатынына күмәнсіз сеніп, трилогияны таласа оқып, сценариін сыза бастаған. Киноөнердің атасы Сергей Бондарчуктің мыңдаған массовкамен қойылған «Война и мир», «Ватерлоо» киносындай эпикалық мәңгілік фильм түсіру әр режиссердің ғұмырлық асыл арманы. Мұны қайдан біліп – естігенімді баяндайын.

…Ертеректе Москвада жиі болып «Астана-Москва рейсі» атауымен сериал түсіруге 1-ші Каналдың сол жылдардағы супер-режиссері Егор Кончаловскиймен уағдаластық жасағам. «Антикиллер-1,2» киноларымен даңқы дүрілдеп тұрған. Арманы көшпенділер тақырыбында эпикалық кино түсіру. Әлі де Егор Кончаловский Қазақстан бюджетіне әлемнің киносүйер қауымын таңқалдырар кино түсіруді армандап жүр. Бұл сол жылдары болған әңгімелерден есте қалған түйіндер топтамасы. Совет заманы кезінде Мәскеуде тұрып, алып елдің идеологиялық жұмыстарын жүзеге асырған майталмандардың айтқандары десек те болғандай.

…Совет заманында Лениндік сыйлық алған шығармаға кең қолдау жасалатын. Социалистік ел әдебиетшілері үшін бұл сыйлық Нобельдік сыйлықпен пара-пар есептелетін. Кітап әлемдегі барлық дерлік тілге аударылады. Кино түсірелді. СССР-дің театрларында жаппай спектакль қойылады, теленұсқасы Орталық каналдан бірнеше рет қайталанады. Нодар Думбадзенің «Закон вечности» қойылымын 80-ші жылдары Тв-дан талай тамашаладық. Егер де «Көшпенділер» Лениндік сыйлықты алғанда, «Мосфильм» мықтылары Одақтық бюджеттен қажетінше қаржы бөлгізіп, «Оскар» алатындай эпикалық кино жасары анық еді. Бондарчуктің «Ватерллосындай» кино түсіру олардың ғұмырлық асыл армандары болғанын, сол мәскеулік ұзақ кештерде айтулы продюсерлерден бірнеше рет естіген едім. Әрі коммунистік идеология да «азаттық сыйланған аз халық» саясатына сәйкес келіп тұрған. Қазір «Спартак», «Троя», «Гладиатор» деңгейіндегі біздің «Көшпенділер» киносы деп мақтанып жүрер ме едік?! (Кейінгі түсірілген Қазақфильм туындысы «Көшпенділерге» ол мықтылар қатыспады)

Мысалы, СССР Мемлекеттік сыйлығы жыл сайын 3-4 әдебиетшіге берілсе, Лениндік сыйлық екі жылда бір рет, бір жазушыға ғана бұйырады. Ақшалай көлемі де СССР Мемсыйлығынан бірнеше есе көп. Әрі Мемсыйлыққа Политбюро тарапынан 2-3 ақын-жазушыны қосуға тапсырма түссе, тізімді қиналмай ұзарта алатын. (Мемсыйлық 1956 жылға дейін Сталиндік сыйлық аталған).
Лениндік сыйлықты 1957 жылдан 1967 жылға дейін жыл сайын 3-4 әдебиетші алып отырды. Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов сол алғашқы кезеңде Лениндік сыйлық игегері атанды. 1967 жылдан екі жылда бір рет 1-2 әдебиетшіге ғана тағайындалатын болған. Мәдениет пен Өнер, Архитектура саласын қосқанда 5-6 лауреат, ары кеткенде 8 сыйлық қана тағайындалатын. СССР-дегі үш жүз миллион тұрғындар арасынан дара шыққан, нағыз таланттардың тарланының маңдайына жазылатын бақ.
1980-ші жылы Ілияс Есенберлин мен Н. Думбадзе шығармалары финалдық тартысқа түскенде, Грузин Басшысы неліктен бар абыройын салып, қоңыраулатты. Мәселенің мәнісі, мәдениет саласындағы грузин ұлтының өкілдері 1970 жылдардан бергі кезеңдерде Лениндік сыйлықсыз қалып көрмеген екен. Коммунистік лагерьдегі ең жоғарғы атақ алумен грузиндер, жүздеген ұлт пен ұлыстың басын қосқан СССР-дегі ең таңдаулы әрі зиялы халық екендігін қайта-қайта мойындатуды қажеттілік қағидасы деп есептесе керек. Тіптен, ең соңғы Лениндік сыйлықтың Мәдениет саласындағы лауреаттары атағы бар болғаны екі адамға берілсе, соның бірі «Грузия-фильм» киностудиясында түсірілген фильмдері үшін, режиссер Тенгиз Абулаздеге бұйырған.

Сол 70 - 80 жылдары грузин мәдениет өкілдері Мәскеуді өнерімен жаппай жаулап алды. 2008 жылы Ресей әскері Тблисиге 80 шақырым қалғанда мәскеулік грузиндер, соларды қолдаған орыстың қоғам және мәдениет қайраткерлері Ресей билігіне «Тоқта» деп шу ете түсті. Кейін, екі ел арасындағы түсінбеушіліктің де жымын білдірмей жіберді. Мәдениеттің соғысты жеңе алар бейбітшілік рөлі осы шығар.

Әлбетте, ел арасында Есенберлиннің бақталастары Москваға Лениндік сыйлықты бергізбеу үшін арызды бұрқыратты деген аңыз бен ақиқат бар. Шағым жазылғанын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, Лениндік сыйлыққа түскен ұсыныстарды сараптаушы комиссия, осы Алматыдан келді деген шағым-шатпаққа назар аударды деуге негіз аз. Социалистік жүйенің тоқырауға тірелген тұсында, комиссиядағы либералдық көзқарасты әйгілі ғалымдар, керісінше, тұншыққан халықты селт еткізер жаңалыққа бастар еді. Сонымен солай болды. Сол жылғы бір Лениндік Сыйлық қырғыз бауырымыз, суретші Тұрғынбай Садықовтың Бішкекте тұрған, «Революция қырандары» монументальді ескерткішіне бұйырды. Комиссия, қазақ алмаса бауыры қырғыз азаматы алсын десе керек. Есепке жүгінсек, 40 жылда Лениндік сыйлыққа қазақтан тек Мұхтар Әуезов лауреат болыпты. Қырғыздан екі адам алды. Отыз грузин лауреат. Мәдениет деген «Рухани Жаңғыру» саласын айтып отырмыз.

Ал, елге келсек, Есенберлин, Алматыдан жазылған домалақ арыздар кесірінен сыйлықтан қағылды деген қауесет, қазақ әдебиетіне сор боп тиді. Бізбен Мәскеу санасады, жазғанымызды Кремль мұқият қадағалауға алып, қолдайды деген «ой», классик жазушылардың бағын байлады. Талантты жазушылармыз жазуды екінші кезекке ысырып, жаппай қызметке ұмтылды. Қазақ әдебиеті үлкен тоқырауға ұшырады. Қазақстан Компартиясының үгіт-насихат бөлімі жазушылардың ақ пен қараны ажыратып берер қасиетті Мекке – Мединесіне айналды. Сексенінші жылдарға дейін жалпыазаматтық классикалық туындылар шықса, бұдан кейінгі он жылда Компартияны насихаттайын бір сәттік халтуралардың салтанатты шеруі шарықтады.

Екіншіден, Қазақстан Республикасының «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы, «әдебиеттану, фольклортану және өнертану» секциясы дайындап шығарған: 10 томдық «қазақ әдебиетінің тарихы» сериясында, біз саралап отырған 80-90 жылдардағы әдебиетіміз тіптен атаусыз қалған. Қараңыз, «ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ТАРИХЫ»: (бір ғасырды мысалға алдық).
7 том - ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ әдебиетінің тарихы
8 том - ХХ ғасырдың 40-60 жылдарындағы қазақ әдебиетінің тарихы
9 том - ХХ ғасырдың 60-80 жылдарындағы қазақ әдебиетінің тарихы
10 том - тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиетінің тарихы.

1975 – 1985 жылдар Олжас Сүлейменов туралы даңқ пен дақпырт дүрілдеп тұрды. Мектепте Олжас суреттерін жинап, өлеңдерін жатқа айтатынбыз... Ақын 70 – ке толған мерейтойында Астанада ел сенаторларымен кездескен. Сонда, кешегі комсомол мен партия лидерлерінің бірінен соң бірі Олжастың өлеңдерін кезекпе – кезек жатқа оқығандарын көріп қайран қалғам. Коммунистік тоқырау тұсында қазақтың рухын жаңғыртқан ғаламат Ақын.

«АЗиЯ» өртеліп, кітапты шығарушыларға ескертулер жасалды. Автор Қазақстанда 2-ші бөлімде жазғанымыздай партиялық өте жоғары лауазымдарға көтерілді. Тек, ортақ Отан астанасы Мәскеуде, СССР Бас идеологы Михайл Суслов тірі тұрғанда, басқаны қойып кітабын шығыруға рұқсат берілмеді. Сүлейменов өлең жазуын қойды.

1982 жылдың қаңтарында 80-ге келген Кремльдің «сұр кардиналы» Суслов қайтыс болды. Сол жылы Олжастың, Бас секретарь Леонид Брежневтің «Тың» кітабының желісінде жазылмақ поэмасының үзіндісі «Жұлдыз» бен «Простор» журналдарында жарияланады. 1979 жылы Брежнев осы жазушылық еңбегі үшін кезектен тыс Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды. 25 мың рубль гонорар алды. Сол кездегі таңдаулылар мінетін үш «Волга» көлігінің құны.

Сәл шегініс... 1975 жылы ірі эпик ақын Жұбан Молдағалиев «Сел» поэмасын жазды. 1977 жылы орысшаға аударылып, Мәскеуде шықты. Ал, 1978 жылы СССР Мемлекеттік сыйлығын алды. Поэма 1973 жылы Алматыда болған алапат Сел сергелдеңі сәтіндегі ел Басшысының образын: «арпалыс сәттегі шешімді күрескер бейнесінде көрсетіп, оның ақылы мен парасаттылығы туралы толғаныс, ода болып шыққан».

Айтарлықтай адам шығыны мен материалдық апат әкелген Сел оқиғасы кезінде СССР Премьері А. Косыгин немересімен сол жерде демалған. Үлкен мейманды Қонаев қазақи қонақкәдеге алып кеткенде, сол жерден Сел жүріп өткен. Селдің бетін қайтарудағы Косыгин мен Қонаев еңбегі жауынгер ақын Молдағаливтың дастанында керемет суреттеледі. Бұдан байқағанымыз, билік дәуірінде Дінмұхаммед Қонаев республикадағы зиялы қауымды толық бақылауға алуымен қатар, жазылуы қажет өзекті тақырыптарды өзі ұсынған. Және марапаттауды да ұмытпаған. Протоколды «Сел», классикалық «Қыран даланы» прицепке алып, Үкімет басшысы Косыгиннің қолдауымен Совет Одағының жоғары марапатына ие болды. Бұл кемелденген социализмнің «сен маған, мен саған» заңдылығы еді.

Енді «Тың» тақырыбына тапсырыспен жыр арнаған Олжасқа оралсақ. Брежнев кітабының желісінде «Мосфильм», «Вкус хлеба» 4 сериалы көркем фильм түсіріп, 1979 жылы киноға қатысты 15 адам СССР Мемлекеттік сыйлығымен марапатталады. Қазақ ақынын Одаққа шығармай жолын жапқан Суслов өлген соң, он ай өте сол жылдың қарашасында Брежнев те қайтты. «Тың» дастаны көсемнің кетуімен күн тәртібінен түсті. Одан кейінгі КПСС Бас секретарі Андропов та ұзақ тұрмады. Орнына шау тартқан К. Черненко келді. Жаңа басшының жас кезінде Алматы іргесіндегі погранотрядта комиссар болғанын бүткіл қазақстандық БАҚ жарыса әспеттеді. Партиялық «КазПравда» мен «СоцҚазақстанда», республикалық партия жетекшісінің өтінішімен Сүлейменовтың «Шекарашылар» дастанының үзінділері жарияланды. Бұйырмаған дүниені қусаң да жетпейсің. Черненко да алысқа кетпеді, жылға жетпей құрметпен жерленді.

Бұл кезде Олжас Сүлейменов ақындықтан гөрі, қоғам қайраткері болып қалыптасқан. Қонаевтың ақын Сүлейменовты осылай қолдауында не сыр жатыр? «АЗиЯ»-дан кейін, партиядан қуылғалы тұрған ақынды, алты ай өтпей, Қазақстан Компариясы Орталық Комитетіне мүше етіп сайлады. Көп ұзамай Қазақ ССР Жоғары Советіне депутат, Президиум мүшесі. КПСС сьезіне делегат. Беделді қызметтер: Қазақ ССР кинематография комитетіне Төраға, одан кейін Жазушылар Одағының Бірінші хатшысы. Ойлап қарасақ, Сүлейменов Қонаевқа парыздар емес, қайта Димаш Ахметұлы Олжасқа қарыздар секілді әсер қалдырады. Қайта құруын айғайлатып М. Горбачев жеткенде заман құбылып, Олжас Қонаевтың қорғанына айналды.

...1960 жылы Мұхтар Әуезовтың «Литературная газетаға» жазған «Ақ жол» тілегі мен ақ батасын алып Мәскеуді мойындатқан Шыңғыс Айтматов туындылары бойынша кино түсіріп, спектакль қойып-ақ, оншақты қырғыз актер – режиссерлері СССР Мемлекеттік сыйлығын, сексенінші жылдарға дейін алып қойған. Бүгінде қырғыз кинолары мен актерлері неге мықты дегенге жауап осы.

Айтматовтың туындыларының айналасында кино – cпектакль жасап 30 – дай адам СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды…

Осынау өткен күндер елесінен келтірілген мысалдар, ел Тәуелсіз болмаса ерлері еленбейтіндігін айғақтайды. Ал Тәуелсіздік алған тұста, алға қойылар мемлекеттік мүдде салмағы да арта түседі. Қазіргідей ғаламдасу кезеңінде сананы рухани жаңғыртуға бәсекеге қабілетті, білімді елдің ғана шамасы жететіндігін байқатты. Жас буын өкілдері халықтың игі дәстүрінен тәлім алып, елжандылық, патриоттық қасиеттерді бойына сіңіріп өсу үшін нақ осындай бағыт - бағдардың маңыздылығы зор. Ең бастысы-жас ұрпақ бойында Отанға, туған еліне деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру. Жастар тәрбиесіндегі басты ұстаным- өзін-өзі басқаруға мүмкіндік беріп, еркіндікті, сөз бостандығын, пікір бостандығын сездірту, олардың ұстанымдарымен санасу.Тәуелсіздік жолында еліміз аз қиындық көрген жоқ. Тәуелсіздік ата-бабамыздың ежелден келе жатқан арманы еді.

Сол себептен Елбасы Н. Назарбаев рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берді. Елбасы аталған мақаладан жаңаша бастау алатын «Туған елге» ұласатын «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынып отыр. Әрбір азаматтың өзінің туған жерінің гүлденуі үшін нақты үлес қосуға үндейді.

«Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын»,- дегені жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу ісінде баға жетпес ұсыныс. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы- қоғам дамуына тың серпін беріп, барша қазақстандықтардың жаппай қолдауына ие болар тарихи бастама. Бұл игі бастаманы ел ішінде насихаттап, лайықты жүзеге асыру- баршамыздың міндетіміз.


Соңғы жаңалықтар