Ел тағдырына бей-жай қарамайтын әр қазақстандық сайлауға қатысарына сенімдімін – Жигули Дайрабаев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Президенттігіне үміткер Жигули Дайрабаев елдегі Президент сайлауы туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көңіл-күйім өте жоғары. Бүгін мемлекетімізде үлкен саяси доданың қорытынды күні. Мен де Қазақстан Республикасының азаматы ретінде бүгін сайлауға келдім, өз таңдауымды жасадым. Сайлау кезінде жасаған таңдауым Отаным – сүйікті Қазақстанымның әрбір азаматының тұрмысының жақсаруы, халықтың бай-қуатты өмір сүруі, әлемдік қауымдастықта жоғары деңгейде орын табуына байланысты. Біздің мемлекеттің болашағы өте зор. Осындай ниетпен бүгінгі сайлауға қатыстым. Әрине ел тағдырына бей-жай қарамайтын әр қазақстандық, қоғамда өзінің жауапкершілігін түсінетін әрбір саналы азамат бүгінгі сайлауға қатысып, таңдаған кандидаттарына дауыс береріне сенімдімін», - деді Жигули Дайрабаев.

Президенттікке үміткер барша қазақстандыққа зор денсаулық, амандық, бейбіт өмір тіледі.

Айта кетейік, президенттікке кандидат Ж. Дайрабаев Астанада Түркістан көшесінде орналасқан 396 сайлау учаскесіне дауыс беруге келді. Оның қасында жұбайы, балалары және туыстары болды.

Ел бойынша сайлауға барлығы 10 101 учаске іске қосылады, сайлаушылар тізіміне 11 950 485 азамат енгізілді. Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанынан 53 елде 68 сайлау учаскесі құрылды.


Соңғы жаңалықтар