Ел өңірінің студенттері экстремизмге қарсы конкурсқа қатысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі «Teambuilding» республикалық семинары өтті. Оның барысында Қазақстанның 5 өңірінің экстремизмге қарсы жастар қозғалысы көшбасшылары арасындағы байқаудың қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған семинарда Махаббат Есен, Диана Есенова, Өркен Кенжебек, Яков Федеров сынды білікті спикерлер деструктивті мазмұндағы ақпараттарды анықтау, сыни ойлай білуді дамыту, БАҚ-та медиа материал жасап, ілгерілету бойынша дәріс оқыды.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Бәкіров те конкурстың жас қатысушылар алдында сөз сөйледі.

«Қазіргі уақытта қоғамда жастардың белсенділігі артып келеді және бұл - қуантарлық жайт. Бұл белсенділікті дұрыс арнаға бағыттау біздің парызымыз. Өйткені біз «Жастар біздің болашағымыз» деп жиі айтамыз. Егер де бұл, шынымен дәл солай болса, онда болашағымызға сенім артайық», - деді Бауыржан Бәкіров.

Шара аясында «Әлеуметтік желілердегі үздік пост-жарияланым»; «Діни экстремизмге қарсы әрекет бойынша үздік креативті акция»; «Еріктілер қозғалысының үздік ұйымдастырушысы» сынды аталымдар бойынша конкурс қорытындысы шығарылды.

Конкурстың үш аталымы бойынша алматылық Лаула Жұмағалиева, оралдық Данат Ғұмаров, шымкенттік Динара Асаубай жеңімпаз деп танылды. Оларға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды. Жастар эктремизмге қарсы іс-қимылда тамаша нәтиже көрсетіп, белсенді азаматтық ұстанымдарын таныта білді.

«Осынау шараны ұйымдастырғаны және жастарға айрықша назар аударғаны үшін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Мұндай байқаулар мен семинарлар жастарға дұрыс өмірлік бағыт береді. Осы байқауға қатысуымның арқасында көптеген дос таптым және барлығына сәттілік тілеймін», - деді жеңімпаздардың бірі Лаула Жұмағалиева.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін жоба аясында Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе және Орал қалаларында екі күндік оқыту семинары өтті. Оған жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттары, орта-арнайы оқу орындарының оқушылары, аймақтық жастар және волонтерлік ұйымдардың өкілдері, жалпы 300-ден астам адам қатысты.

Діни экстремизмнің алдын алуда жастардың рөлін елеусіз қалдыруға болмайды. Жастар арасында экстремизмге қарсы сананы қалыптастыру, діни экстремизмге қарсы күресте құқықтық және азаматтық жауапкершілік деңгейін арттыру мақсатында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен «Экстремизмсіз Қазақстан» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба ел жастарының экстремистік және деструктивті діни ағымдарға тартылу қаупін азайту мақсатында экстремизмге қарсы жастар қозғалысының қызметін ұйымдастыруды қарастырады.

Соңғы жаңалықтар