«Ел наннан тапшылық көрмейді» - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА. Тамыздың 6-сы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда тамыздың 6-сы, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ағымдағы жылғы желтоқсанның 1-2-сі күндері Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы шешім қабылдануына байланысты мәлімдемесі жарық көрді. Онда «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесі 3 тамызда тарихи шешім қабылдады. Мүше елдердің ортақ ұйғарымы бойынша осы жылдың 1-2 желтоқсан күндері Астанада мәртебелі ұйымның Саммиті өтеді. бұл тарихи шешім - қазақстандық толайым табыстардың абыройлы айғағы! Бүгінде Қазақстан ғаламдық қауіпсіздіктің кепіліне, бейбітшіліктің берекелі белдеуіне айналды. Төрткүл дүниеге төрелік айтқан Қазақ елі Азия және ТМД мемлекеттері арасында тұңғыш рет беделді ұйымның Саммитін өткізеді. Қазақ елі бұрын-соңды мұндай биікке жеткен емес», делінген. Сонымен қатар Елбасы мәлімдемесін «Алаш айнасы», «Айқын», «Казастанская правда» газеттерінен де оқуға болады.

«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылықты саналатын Ақмола облысының Целиноград ауданында жұмыс сапарымен болып, жергілікті жердегі бірқатар ұйымдар мен кәсіпорындарда болды. Осындағы ірі әрі көпсалалы ауылшаруашылық құрылымы саналатын «Ақмола-Феникс» АҚ-ның жұмысымен жақын танысты», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Ел наннан тапшылық көрмейді» деген тақырыппен жарық көрген мақаласында. Басылымның баяндауынша, алдымен Мемлекет басшысы жалпы ауданы 19,6 мың гектарды құрайтын дәнді және бұршақ дақылдары егістігін аралап көрген. Содан кейін Елбасы астықты бастапқы сатыда өңдейтін механикаландырылған қырманда болып, мұнда жиналған «Ақмола-Феникс» АҚ-ның жұмысшыларымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Н.Назарбаев биылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан негізгі астықты өңірлердің егіншілері орташа егін түсіміне қол жеткізетінін айтты. Әсіресе егін түсіміне Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында қол жеткізілетін болса, ал Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында ауа райының аптапты болуына байланысты егін бітік шықпауы мүмкін.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хишам Зараамен кездесті. Бұл ақпаратты «Егемен Қазақстан» газеті Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлап отыр. Премьер-Министр дипломатиялық миссиясының мерзімі аяқталып келе жатқан елшіге екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді. Өз кезегінде Х.Зараа екі жақты қарым-қатынастарды дамыту ісінде көрсеткен көмегі үшін Қазақстан басшылығына өзінің ризашылық сезімін жеткізді. Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы қызметтестіктің одан әрі де ырғақты дами беретініне өздерінің сенімді екендіктерін білдірді.

***

Жыл басталғалы бері халқы бірнеше рет көтеріліп, тәртіпсіздіктер жақында ғана ептеп саябырсыған көршілес Қырғыз елінде тағы бір көтерілістің шеті қылтия бастаған сыңайлы. «Алаш айнасы» газетінің жазуынша, кше осы елдегі белгілі оппозиционер, 2005 жылы «мемлекеттік төңкеріс жасауға және билікті тартып алуға ниеттенді» деген айыппен тергеуде жүрген «Мекен Туу» қозғалысының жетекшісі Урмат Барыктабасовтың 2000-ға жуық жақтасы Бішкектің орталығындағы парламент ғимаратының жанында уақытша үкіметтің отставкаға кетуін талап етіп, ереуілге шыққан. Бұл турасында осы басылымның жұма күнгі нөмірінде жарияланған «Енді ыстықкөлдіктердің «қызуы көтерілді» деген тақырыпта егжей-тегжейлі баяндалған.

«Алаш айнасы» газеті «жақында еліміздегі бір үкіметтік емес ұйым өкілдері әйелдерге арналған тренинг өткізді. Шара тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тақырыбына арналды. Әйелдердің жаппай қызығушылығын тудырғанымен, бұл тренинг біз үшін, керісінше, отбасын шайқалтудың жолдарын үйрететін жиынға ұқсап кетті», деп жаза келе, «Ұлттық мүддеге қызмет етпейтін кейбір қоғамдық ұйымдардың қызметін шектеу қажет пе?» деген сауалды мамандар назарына ұсынған. Аталған сауалға берген мамандар жауабын оқып-білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі нөмірін жіберіп алмаңыз.

***

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевпен телефон арқылы сөйлесті», деп жазады «Айқын» газеті. Ресей аумағындағы ауқымды өрт салдарынан туындаған күрделі ахуалға байланысты мәселелер талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев Ресей елінде орын алған табиғи апаттар салдарын жоюда Қазақстанның қажетті көмек жасауға дайын екенін атап өтті. Мемлекет басшылары Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымының Ереванда өтетін саммитіне, сонымен қатар Өскеменде өтетін Қазақстан мен Ресей арасындағы Өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындықтың мәселелерін де талқылады.

«Қастандық қолдан жасалды ма?». «Айқын» газетінде осы тақырыппен басылған мақалада Иран президентіне қастандық жасалғандығы айтылған. «Бірақ құдайға шүкір, Махмуд Ахмадинежад дін-аман. Қаскөйдің шірене тұрып лақтырған қолдан жасалған бомбасын құдай қақты ма, әйтеуір алысқа жарылды. Бірнеше адам жарақат алғанымен, ешкім айтарлықтай зардап шеккен жоқ», деп жазады басылым. Оқиға сәрсенбі күні Хамадан шаһарында орын алған. Өз жақтастары алдына сөз сөйлеуге келе жатқан президент кортежіне белгісіз біреу бомба лақтырған. Ол бірден қолға түсті. Бірақ кім, не адам екені әзірге ашық айтылмауда. Бомбаның жарылғанына елең етпеген Иран басшысы көпшіліктің алдына түк болмағандай сөзін жалғастырған. Осы оқиғаға қатысты түрлі болжамдарды оқып білгіңіз келсе, басылымның жұма күнгі нөміріне назар аударыңыз.

«Известия-Казахстан» газетінде «Все под контролем» деген тақырыппен жарық көрген мақалада Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен азаматтардың құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері бойынша кеңес турасында жазылған. Кеңес барысында үлестік құрылысқа өздерінің қаржыларын салған азаматтардың проблемаларын шешумен, қылмыспен күрестің жай-күйімен, елде заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз етумен, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметіндегі азаматтардың құқықтарын қорғаумен байланысты мәселелер әңгіме болды.

Соңғы жаңалықтар