Эльмира Битанова: Вакциналауға қарсы адамдардың көпшілігі ғылым мен медицинадан хабары жоқ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Вакциналауға қарсы адамдардың ғылым мен медицинаға еш қатысы жоқ. Мұндай пікірді С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жалпы иммунология кафедрасының меңгерушісі Эльмира Битанова онлайн брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Иммунологтың айтуынша, міндетті екпелердің қазақстандық күнтізбесі әлемдегі үздіктерінің бірі. Мұны әлемдік ғалымдар қауымдастығы атап өткен.

Біздің еліміздегі барлық міндетті екпелер (мемлекеттік емханада немесе жеке емханада) бюджет қаражаты есебінен тегін жасалады. Олардың тізімі ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген.

«Біздің күнтізбе бүкіл әлемнің озық тәжірибесін қамтиды. Мемлекет вакцинаға көп ақша жұмсауда. Жасалуы керек вакциналардың толық тізімі бар. Олардың ішінде тұмау, желшешек, кене энцефалиті, қызылшаға қарсы екпелер бар. Сондай-ақ, оңтүстік - шығыс Азия елдеріне, Африка және Араб елдеріне баруды жоспарлап отырғандарға және эпиджағдайға қарай егілетін екпелер бар», - деді Эльмира Битанова.

Сонымен қатар, ол алматылықтарды өз ағзасындағы антиденелер санын қадағаламауға шақырды.

«Себебі бұл халыққа жалған қорытынды беруі мүмкін. Антиденелері болған кезде адамдар «босаңсып», эпидемиологиялық және гигиеналық нормаларды сақтауды қояды»,- дейді ол.

Ғалымдар вакциналаудан кейін иммунитет 2-3 жыл сақталады деген болжам жасап отыр. Вакцина бақылау үстінде.

« Н.Ф.Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығы қызметкерлері өздері әзірлеп жатқан вакцинаны осыдан бір жарым жыл бұрын сынақтан өткізу үшін өздеріне салдырған. Антиденелер мөлшері оларда осы күнге дейін сақталған. Оның үстіне, бұл жай ғана дәлелденген антиденелер емес, бұлар протективті, вирус бейтараптандырады»,-дейді спикер.

Осыған байланысты Алматы иммунологы халыққа жүгініп, вакцинация алуға, сондай-ақ, не ғылымға, не медицинаға еш қатысы жоқ вакцинацияға қарсы адамдарды тыңдамауға шақырды.

Айта кетейік, Алматыда 203 пункт, ал оларда 1 809 медицина қызметкерінен тұратын 406 егу бригадасы жұмыс істейді. Қала бойынша 1 ақпан мен 18 сәуір аралығында барлығы 134 484 адам екпе салдырды.


Соңғы жаңалықтар