Ел халқының 23,2% салауатты өмір салтын ұстанады - министр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл елімізде салауатты өмір салтын дәріптеу бағытында 1,4 миллионнан астам іс-шара өткізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Салауатты өмір салты қызметін республикалық деңгейде ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы ұсынады. Өңірлік деңгейде оның функциясы бәсекелестік ортаға берілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша салауатты өмір салтын ұстанатын қазақстандықтардың үлесі 23,2% құрады. Пандемия кезінде салауатты өмір салтына бағытталған бюджет қаржысы 4 есеге қысқарды. Ал бүгінде 512 млн теңгені құрайды», - деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, пандемия кезінде салауатты өмір салтына бағытталған іс-шаралар 10 есе азайып, халықтың одан хабардар болуы 2019 жылғы 67%-дан, былтыр 12%-ға дейін төмендеген.

«Халықты салауатты өмір салтының дағдылары туралы көбірек хабардар ету және инфекциялық емес аурулардың алдын алу мақсатында «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы іске асырылуда. Онда салауатты өмір салтын ұстанатын халық үлесін ұлғайту, бұқаралық спортты дамыту шаралары қарастырылған. Сонымен қатар ұлттық жобада шылым тарту, алкоголь тұтыну және семіздікпен күреске арналған жеке бағыттар бар», - дейді ведомство басшысы.

Сондай-ақ А. Ғиният биыл елімізде салауатты өмір салтын дәріптеу бағытында 1,4 миллионнан астам іс-шара өтетінін мәлім етті.


Соңғы жаңалықтар