Ел дипломаттары тәжікстандық сарапшылармен Мәжіліс сайлауын талқылады

None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері Мәжіліс сайлауына дайындық жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Тәжікстан астанасы Душанбеде Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі Уәлихан Төреханов еліміздегі сайлау науқанына орай БАҚ өкілдері мен сарапшылар үшін брифинг өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғаш болып сөз алған қазақстандық дипломат Уәлихан Төреханов алдағы сайлаудың маңыздылығына тоқталып, оның ерекшеліктерін атап өтті.

«Біздің еліміз қаңтар оқиғасынан кейін тез ес жиып, саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер арқылы мемлекеттілігіміздің негізін одан әрі нығайта түсті. 2022 жылы маусымда өткен жалпыұлттық референдумнан кейін енгізілген конституциялық түзетулер ықпалды парламент, президент өкілеттіктерін шектеу, жаңа саяси партияларды жеңілдетілген тәртіппен тіркеу, әкімдерді тікелей сайлауды және басқа да көптеген маңызды жаңашылдықтарға жол ашты», - деді Уәлихан Төреханов.

Оның айтуынша, сайлауға жаңа саяси бірлестіктердің қатысуы көппартиялық жүйенің дамығанын айғақтайды. Сонымен бірге бұл өз кезегінде оппозицияның ықпалын арттыруға бағытталған.

«Бұл - біздің еліміз соңғы бірнеше жылда ұмтылып келе жатқан үлкен меже. Мәселен, партиялардың Мәжіліске өту шегі 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендетілді. Тиісінше ол оппозициялық партиялардың парламентке өтуіне мүмкіндік ұсынып, үкіметтің жауапкершілігін арттыруда маңызды рөл атқарады», - деді елші.

Журналистердің сұрағына жауап берген Уәлихан Төреханов алдағы сайлаудың аралас пропорционалды-мажоритарлық модельде өтетінін айтты.

Оның сөзінше, партиялық тізімдер бойынша депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдер, жастар және мүгедектерге 30 пайыздық квота қарастырылады. Бұл мүдделі топтардың парламентте көбірек өтуіне және өкілдік етуі үшін жасалып отыр.

«Алдағы сайлау қазақстандық демократияны дамыту жолындағы тағы бір маңызды кезең болады. Көпшілік біздің еліміздің қаңтар оқиғасынан кейін жаңа өзгеріске бағыт аларына сенбеді. Алайда, біз бұл қиындықтарды еңсере алдық және маңызды саяси, әлеуметтік-экономикалық бастамаларды қолға алдық», - деп түйіндеді Уәлихан Төреханов.


Соңғы жаңалықтар