Ел деп қызмет еткен ердің үлгісі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жол жолға жалғасады. Әлімсақтан келе жатқан адамзаттың жолы бар. Бір сүрлеу өшеді, бір соқпақ өседі. Даңғыл, даңғайыр жолға айналады. Ел елге жалғасады.

Әзелден келе жатқан адамзаттың елі мен жұрты бар. Бір жұрттар жоғалады, тарих бетінен сызылады, келесі бір ел күшейеді, қуатты, тегеурінді мемлекет құрады. Ел қуатты болмай, қуаныш тұрақты болмайды. Міне, елшілдік, мемлекетшілдік сана осы бір ұлы мұраттың жүгін құмырсқа белдей қайыспай көтере білуден туатын болса керек. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның «Egemen Qazaqstan» басылымының бетінде жарияланған мақаласында айтылған.

Жетпіс жыл бойы жұрт жүй­кесін үреймен, қасаң идеоло­гия­мен құрсаулаған кеңес өкі­метінің көлеңкесі аумай тұрып, тәуел­сіздіктің таңы ата салысы­мен төл санамызды, ұлттық ру­хы­мызды жанитын, жаңа сана­ны қалыптастыру қандай күр­делі екенін қазір сезінудің өзі қиын­ға түседі. Өйткені осыдан отыз жыл бұрынғы ортада мем­ле­­кет құраушы ұлтымыздың үні қазір­гідей емес, бәсең, дауы­сы құмығыңқы шығар еді. Әлі де саяси, экономикалық, қар­жы­лық ресурстардың кілті Мәс­кеу­­дің қолында болды. Сон­дық­тан тәуелсіздіктің тұғырын бекі­те түсетін төл сананы – мем­лекет­шілдіктің маңызын көтеретін тұлғалар іс басына ілуде болса да, келе бастауы заңдылық болатын. Осындай өтпелі кезеңде әуелгі іс қалыптасқан қасаң қағиданы бұзуға бағытталуы тиіс еді. Солай бол­ды да. Мұны алдымыздағы аға буынның бүгінгі ұрпаққа қал­­дыр­ған бірегей құндылығы ретінде са­нау­­ға болады. Міне, сол санатта, Тұңғыш Президент – Елба­сы Нұр­сұлтан Назарбаевтың бас­та­ма­сымен тәуелсіз елдің ірге­сін қалап, тұғырын бекіту, жас мем­­ле­кеттің негізгі құрылым­да­рын қа­лып­тастыру жолында тер төгіп, көш түзеген керуенбасы тұлға­лар­дың бірі – Қуаныш Сұлтанов.

ХХ ғасырдың соңғы онжыл­ды­қ бастауында басымызға қон­ған бақ құсы – тәуелсіздік тура­лы кең дүниеге ақжарылқап ақ­па­рат қалай тарап еді? Егемен елі­міздің ең алғашқы Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі Қуаныш Сұлтановтың естелігіне кезек берсек, мемлекет және қоғам қайраткері төрткүл әлемге қазақ­тың қастерлі тәуелсіздігі тура­лы толайым сөз тез тарағанын төмендегідей толғайды.

«Аласапыран тосын қайшы­лық­­тарға толы 1991 жыл да жет­ті. Сол жылдың соңғы айы әр қазақ­­­ баласының басына бақыт құ­сын қондырды. Ол ба­қыт құ­сы­ның есімі – қазақтың мем­ле­кет­­тік тәуелсіздігі. Бұл жолғы жел­­тоқ­санның 16-сы жадыраған ашық күн, Алматының «май тоң­ғы­­сыз» жылы қысының көрі­ні­сін­дей бейілді болды. 17-сі де, 18-і де бес жыл бұрынғы жел­­тоқ­сан­ның қайтарымындай ашық аспанмен жа­рық күндер сыйла­ды. Өт­­кен дәуір­дің игілігі мен қасаң­ды­­ғын да ба­сы­нан өткізген ұр­пақ­тың бір пен­десі ретінде ішімнен тәу­бе деп жақсылыққа жорыдым. Азат­­ты­қ­тың ақ таңы атқан күн­дері менің қатар жүрген заман­дас­­­тарым, дос­тарым, әріптес­терім өзара сыр­ласқанда осындай сезім­дері­мізбен бөлістік», деп жазады елі­міздің ақпарат саласының алғаш­қы басшысы сол бір жылдар жөнінде.

Egemen Qazaqstan газетінде жа­рық көрген (2018 жыл, 14 жел­тоқ­сан) «Тарихи сәт салтана­ты»­ ат­ты мақаласында тұң­ғыш бас­­па­сөз министрі сол күн­дер­­­дегі ел ағаларының ерек­ше тол­ға­ныс­­пен қатар белсенді­лік­­пен әрі білік­тілікпен тари­хи құ­жат­ты қабылдау барысын жет­кізе оты­­рып, «Қазақ­стан Рес­­публи­касы­­ның мем­лекет­­тік тәуел­­сіз­дігі туралы» конс­ти­ту­ция­л­ық заң жоба­сын талқылап, қа­был­дау­­ға қатысқанын әсерлі әңгіме­лей­­ді. Олардың қатарында Тұң­ғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назар­баевтың бастамасымен құ­рыл­ған арнайы комиссияның төрағасы болған академик, заң­гер Сұлтан Сартаевтан бастап, Салық Зиманов, Жабайхан Әб­ділдин, Манаш Қозыбаев, Өзбек­әлі Жәнібеков, Мырзатай Жол­дас­беков, Олжас Сүлейменов, Шер­хан Мұртаза, Әбіш Кекіл­баев, Әнуар Әлімжанов, Са­уық Тәкежанов, Өмірбек Жол­дас­беков, Зинаида Федотова, Нұр­­лан Ора­залин, Мұрат Әуезов, Алек­­сандр Княгинин, Балғабек Қы­­­дыр­­бек­ұлы, Алтыншаш Жа­ғанова және тағы басқа зиялы тұл­ға­лар тал­қы­лау кезіндегі пікір­­талас­қа белсене қатысып, мем­­ле­кет­тік тәуелсіздігіміздің ірге­­та­сын қалай­тын тұңғыш заң­ның сауат­ты, пәр­менді әрі сапалы болуы­на барынша атсалысқанын атап өтеді.

Иә, ел алдында ебелек көшкен түрлі заман өтті. Әлбетте, өзін-өзі билеген ел бақытты. Мұны жел­­­тоқ­сан ызғарынан кейінгі тәуел­­сіздік таңы айқын аңдатты. «Ке­­ңесті ел кемімес» дегендей, жо­ға­­­рыда есімдері аталған аузы дуа­­лы алыптар шоғыры ақыл­даса, Ел­басы заң жобасының әр бабы­­на өз ойын, көзқарасын, ұс­таны­­мын ортаға салып, кейбір бап­­­тарға тікелей өзгерістер, то­лық сөй­лем­дер енгізіп, айрық­ша үлес қоса оты­рып жер-жаһан­ға жария­лан­ған құжаттың 1991 жы­лы 16 жел­тоқ­санда қабыл­дан­ғаны белгілі.

«...Сол күні кеште, түні бойы Пре­зи­дент, оның Әкімшілігі, бү­кіл Үкімет мүшелері, министр­лік аппараттары түгел жұмыс орындарында болды. «Егемен Қазақ­стан», «Казахстанская прав­да», рес­публикалық телерадиоар­на­лар хабар таратып, жа­риялап жат­­ты. Президент Әкім­шілігінің бас­­шылығымен БҰҰ-ға, басқа да халық­аралық құры­лымдарға, әлем­нің барлық ел­іне, шартарапқа жар салып, қысқа мерзімде хабар жет­кізуді қамтамасыз еттік.

...Түнгі сағат 23:00-ге жуық Пре­зи­денттің телефоны шырылдады.

− Ал құтты болсын! Түркия Пре­­зиденті Тұрғыт Өзалдан Тәуел­­сіз мем­лекеттілігімізді мойын­дап, құт­тықтаған хабары келді. Ер­­тең­­гі газеттерге, теледидарға жар­­­қы­­ратып бергізіңдер, − деді Нұр­­сұл­тан Әбішұлы шабыттанып, қуат­танып. Әдеттегі сабырлы, ашық әрі анық дауысы сол сәтте маған ерекше саңқылдап тұрғандай естілді.

...Түнгі сағат 00:00-ден асқанда Пре­зидент көмекшісі телефонмен, ертең таңғы 9-да кеңейтілген Үкі­­­мет отырысы болатынын айт­­ты. Кеңейтілген Үкімет отыры­сын Нұрсұлтан Әбішұлы өзі жүр­­­гізді. Бұл жолғы отырыс мүл­­д­ем жаңа, көпшілігіміз біле бер­­­мей­­тін жаңа сөздер, тер­мин­­дер, жаңа жобалар аталып, ор­таға са­лын­ды. Жаңа міндет­тер қойыл­­ды. Сол жиынға қатынас­қан әрбір адам, әр лауазымды қыз­­­меткер Президенттің сол күн­­ге ерекше дайындықпен кел­ге­нін көрдік, көзіміз жетті, тү­­сін­­­­д­ік. Жаңа, жас мемлекеттің ір­­ге­­­­­тасы мен қабырғасын қаласып, ша­­ңы­­­­рағын көтеріп, шатырын көр­­­кем­­­деуге қатысатын бақытқа ие бол­­дық. Ұлы даланың төрінде көк Туын желбіреткен Жаңа дәуір­­дегі Жаңа Қазақстанның Мәң­­­гі­лік ел болуға бет алған Ұлы жо­ры­­ғы осылай басталып еді», деп тебі­­ре­­ніс­пен еске алады Қуаныш Сұлтанұлы.

Біз бұл жолдарды сол уақыт­тың көтерген жүгін сезіну үшін кесек күйінде келтірдік. Міне, Қуа­ныш Сұлтанұлының жас кезі­нен бері қалыптасып, кеме­ліне келген қайраткерлік бол­мы­сы тәуелсіздік жылдарында Ел­­басы мен ел үдесінен шығуға қыз­­мет етіп, мемлекет пен қо­ғам­­ның игілігіне айналып жүре берді.

Еңбек жолының Сарыөзектегі баспаханадан басталып, аудандық газеттерде түзетуші, әдеби қыз­мет­кер, бөлім меңгерушісі болып жалғасуы және қызмет саты­ларының басым бөлігінде идео­логия­лық ұйымдастыру жұмыс­тарының басшылығында мол тәжірибесінің болуы Қуаныш Сұлтанұлының тәуелсіз елдің төл баспасөзін қалыптастыруда кә­деге асты. Бұған дейін бір әр­пі­не дейін бақыланатын БАҚ-тың қыз­­меті нарыққа бейім­делу­ге, бә­се­­келестік ортаға батыл бет алды.

«Ел қадірін көрген біледі, жер қадірін жүрген біледі». Қуаныш Сұлтанұлы жалындаған жас кезі­нен жастар ұйымдарына жетек­шілік етті. Жастық от пен жігер­ді тура арнасына салып, ел ертеңі болатын кадрларды даяр­лауға үлес қосты. Өңірлерде жұ­мыс істеді, Жетісуда, Арқада ізі қал­д­ы. Егемендіктің елең-алаң жыл­­дарында Үкімет басшылығы құра­мында да болды. Бастапқыда «Қазақстан халық бірлігі одағы» атты қозғалысы, кейіннен партия­сының орталық кеңесінің төр­аға­сы болып, қоғамдық қызметке де белсенді араласты. Әрине пас­­сионар тұлғаның пайым мен па­ра­сатының бірнеше салада көрініс табуы кездейсоқ емес. Дәл осы мемлекеттіліктің бүгіні мен ертеңі күдік пен күмәнға ілініп, әрі-сәрі күй кешіп тұрған кезде елді ұйыта білетін, сергек сөзі санаға сәуле құятын Қуаныш Сұлтанұлы сынды ағалардың күш-қуаты қажет-тін.

Елдестірмек – елшіден. Қуаныш Сұлтанұлы қазақ елінің енді ғана қалыптасып келе жатқан халықаралық дипломатиясының өркендеуіне де өзіндік үлесін қосқан дипломат. Қазақстанның Азия­дағы ең ірі әріптесі әрі көр­шісі, алып ел Қытайда Төтен­ше және Өкілетті елші болды және Вьетнамда, КХДР-да, Моң­­ғолия­д­а осы қызметті қоса атқар­ды. 1995 жылдардан бас­тап пар­ла­мен­­тарийлік қызметке ауыс­қанға дейін ел мен елдің ара­сын жа­қын­датуға, алыс-беріс­ті көбей­туге, ата­ме­кеніне көш түзеген қан­дастар­ға нақты қолдау көрсетуге сүбелі үлес қосты.

Ел ауызы – дуалы. Қайраткер өмірінің басым бөлігі еліміздің заң шығару­шы органымен тіке­лей байланысты. Соңғы жиырма жылдың бедеріндегі парла­мен­тарийлік еңбегінен бұрын ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Жоғарғы Кеңес депутаты, Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған үлкен тәжірибеге ие болатын. Сондықтан ел Парламентіндегі Қуаныш Сұлтанұлының бозбала ғұмырына өлшем боларлық еңбегі еліміздің ең жоғары заң шығарушы органының орнын айқындай түсуіне, ел қызметіне еселі үлес қосқан тұтас кезең болды деуге толық негіз бар.

Әлбетте, «Ел артындағы шаң жұтар, ел алдындағы май жұтар» деген тәмсілді қай тұғырға қон­дыратыны қайраткерлердің ерік-жігеріне байланысты. Осы орайда ел-елдің бәрі жақсы болса да, өз елің бәрінен жақсы екенін ерте түйсініп, елге қызмет етуге ден қойған елшілдік болмыс екінің біріне қона бермейтін қасиет екенін мойындауымыз керек.

Былтыр Алматы қаласында өт­кен «Кемеңгерліктің 30 жылы» ат­ты халықаралық конферен­ция­ға Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мем­лекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев қатысқан бола­тын. Сол жиында Парламент Мәжі­лі­сі­­­нің депутаты Қуаныш Сұл­та­нов Елбасы баяндамасы­ның орын­­­далған парыз кодексі еке­нін айт­­ты. Бұл баға – ең әуелі мем­л­е­­кет­­­шіл санаға деген құрмет. Өзі айт­­­қ­андай, жас мемлекеттің ша­­­­ңы­­р­­ағын көтеріп, шатырын көр­­­­кем­­деуге атсалыса жүріп, ел іс­і­­­­нің қылпыған жүзінен ұстай жү­­­­ріп түйсінуден туған терең тұ­­­жы­­­рым. Озар елдің – арманы озық. Қуа­ныш Сұлтановтың ғұ­мыр­­­лық арм­анының мәні – қуат­ты һәм тұрақты ел болу. Осы ар­­ман­ға жа­қын көкжиектен көз са­лып тұр­ған қай­рат­кердің қажыр-қай­ра­ты әлі де мем­лекет мүддесіне қызмет ете бермек.

Аида БАЛАЕВА,

Ақпарат және қоғамдық даму министрі


Соңғы жаңалықтар