Ел болашағына қатысты саяси өзгерістер халық таңдауына беріліп отыр – Мәулен Әшімбаев

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев елордадағы №111 референдум учаскесінде өз таңдауын жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенат төрағасы референдумға сағат 9:00-де келіп, №111 учаскеде дауыс берді.

«Бүгін еліміз үшін маңызды күн. Референдумға дайындық және ұйымдастыру жұмыстары тиісті деңгейде жүрді. Конституциямызда биліктің бастауы халық деп жазылған. Сондықтан жалпыхалықтық референдумның маңызы зор. Елдің болашақ дамуына қатысты саяси өзгерістер референдумға шығарылып, халық таңдауына беріліп отыр. Мемлекет басшысы референдумның ашық әрі заң аясында өтуіне қатысты тиісті тапсырмалар берді», - деді БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Мәулен Әшімбаев.


Сенат төрағасының айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы саяси шараға тыңғылықты дайындалды.

«Референдумның өту барысын байқауға шетелден 270-ке жуық өкіл келді. Одан бөлек мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері байқаушы ретінде қатысып жатыр. Сондықтан да референдум тиісті деңгейде өтіп, өз мақсатына жетеді деген үміттеміз. Осы орайда қазақстандықтардың референдумға келіп өз таңдауын жасағаны маңызды. Азаматтық белсенділікті күтеміз. Дауыс беру кешке дейін жүреді, баршаңызды референдумға шақырамын», - дейді ол.

Айта кетсек, бұған дейін аталған референдум учаскесінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов және ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева дауыс берді.



Соңғы жаңалықтар