Ел басына күн туғанда ұлт намысын қорғаған ірі тұлғаның бірі Жұбан еді - Т.Рысбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессор

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақ тарихында, әсіресе, ХХ ғасырда ұлт намысы, ұлт тағдыры таразыға түскен кездерде халықтың жоғын жоқтап, өз басын қатерге тіккен ірі тұлғалар болды. Солардың бірі ғана емес, бірегейі ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Жұбан Молдағалиев еді. Осы орайда батысқазақстандық белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұяқбай Рысбеков өз ой-толғамын былайша білдірді.

Оның пайымдауынша, Ж.Молдағалиевтің 1986 жылғы дүниені дүр сілкіндірген Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына байланысты Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Г.Колбиннің алдында сөйлеген сөздері кейінгі онжылдықта және бүгінде нағыз заңғар азаматтықтың эталонындай аңызға айналып қана қоймай, ХХ ғасырдың аяғындағы ұлттық рух пен халықтық демократияның жаңғыру, қайта түлеу кезеңінің басы болды. Тұтас қазақ халқына «ұлтшылдар», «шовинистер» деген ауыр айып тағылып, Мәскеудің қылышынан қан тамып тұрған сол кезде олай сөйлеу «Мен қазақпын» дейтін қайсар қазақ Жұбан ақынның ғана қолынан келсе керек.

Сол кездің өзінде ол ұлттық намыстың қаһарманы атанып, мерей туын биік көтерді. Тоталитарлық жүйені ашына айыптады, кінәсізден жәбір шеккен боздақтарға араша тұрды. Жазушы Садықбек Адамбековтің «Жұбан ақын боп туып, Махамбет болып өлді», - дегені көптің көкейіндегі көрікті түйін еді.

Халқымыз ақынға да, азаматқа да ежелден кенде емес. Әр ақыны мен азаматының өз биігі бар. Ел тарихында шырқау шыңда қырандай саңқылдағандардың бірі - Жұбан Молдағалиев. «Қазақпын», - деуге ұлтшыл атанудан қорқып, көбіміз жалтақтап жүретін заманда, 1963-1964-жылдары-ақ Жұбан ақын бар дауысымен:

«Мен - қазақпын, биікпін, байтақ елмін,

Қайта тудым, өмірге қайта келдім,

Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске -

Айта бергім келеді, айта бергім!»-

деп мақтана алған болатын. Ұзақ уақыт біз оның: «Мен - қазақпын, мың өліп, мың тірілген», - деген астарлы сөзін де анық ұғынып, ашық тарата алмай келдік. Айту үшін тарихқа бойлау керек болды, ал қазақ тарихының тереңіне қарай көз салсақ, дереу қарауылға іліндік. Ол сөздің салмағын да, тұңғиығын да жариялылық пен егемендік таңында түсіне бастадық.

Қазіргі кезде тарихшы һәм әдебиетші ғалымдар «қазақ» сөзінің Қазақ хандығынан да бұрын бар екендігін дәлелдеді. Ал қазақ халқының XV ғасырда дербес мемлекет болуынан бері де өліп-тірілуі де аз емес. Атақты тарихшы Мұхамед Хайдар Дулатидің жазуы бойынша, XVI ғасырдың бас кезінде-ақ Қазақ хандығы ірі жеңіліске ұшырап, халқы қатты қырылыпты. «Тірі қазақ қалмады», - деген сөз тарапты. 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада» қазақ тағы қырылды. Сібір тарихшылары: «Қазақтар жер бетінен жойылды», - деп жазыпты. Оған дейін де, одан кейін де қазақтың сан рет қуғын-сүргінге ұшырап, мал-жанынан ойсырай айырылғаны тарихтан белгілі. Соның бірі ел басынан 1916 жылы өтті. 1932 жылы сталиндік-голощекиндік мейірімсіз саясаттың құрбаны болып, қазақ халқының тең жарымынан астамы қырылды, халықтың 76 пайызы атақонысын тастап, босып кетті. Қазақ онда да бір өліп-тірілді. Ана тілімізден айырыла жаздағанымыз да сол өліп-тірілуінің соңы еді. Осынша шындықты, осынша тарихты Жұбан бір ауыз сөзге сыйдырыпты. «Халқым!» - деп айта алу да азаматтық. Ал ел басына күн туғанда, қасқайып халқын қорғау - азаматтықтың шыңы. Жұбан Молдағалиев - сол шыңнан көрінген аяулы ақын.

1986 жылы 17 желтоқсанда өзінің «кеңестік милициясынан», «ел қорғаны - кеңес әскерінен» оңбай таяқ жеген жастар әдепкіде мұның өң мен түстің қайсысы екенін айыра алмады. Олар өз халқын қудалау, ұрып-соғу тек капиталистік елдерде болады деп ойлайтын. Бұл олардың риясыз адал сенімі еді. Ал осы ақ-адал сенім аяққа тапталып, әділет іздеушілер қанға боялғанда, қазақтың жас өскіндері жөн сілтер басшыларын іздеді. Бірақ жастардың алдына шығуға ешкімнің тәуекелі жетпеді. Күллі ұлттық элита, ұлттық интеллигенция сын сәтте бұғып қалды. Бұл - айыптау емес, тарихи болмысымыздың ақиқат күйін көрсету ғана. Бұл - болашақ үшін қажетті ащы сабақ.

Қысқасы, ұлттық элита көз алдында басып-жаншылып, қорлық көріп, ажал құшып, ату жазасына кесіліп жатқан жастарға - ұлттың ең намысқой, адал бөлігіне ара түсе алмады. Тым құрыса, солардың кеткен есесін үкіметтен тепсініп тұрып сұрай алмады. Бұл ескі кеселдің генетикалық үрейдің, құлдық болмыстың белгісі еді. Желтоқсан қазақы элита мен қазақы зиялы қауымның дәрменсіздігін айқын көрсеткен айна болды.

Алаңға шыққан жастарға «ақылға келіңдер, үйге қайтыңдар - мұның соңы қиын болады» - дегеннен арыға бара алмаған ұлт қаймақтарының бейнесі Есенғали Раушановтың «Біздің жастық» атты өлеңінде айқын көрініс тапты: «Ағаның көрдік алқасын - ақылдан басқа түгі жоқ». Ұлт ағаларының арасында санаулы адамдар ғана қазақтың ұл-қыздарын еврейлерді қорлаған немістердің «өнегесімен» жазықсыз қорлап жатқан кезде дауыс көтере білді. Соның көш басында Жұбан ақын, жалпақ әлемге «Мен - қазақпын!», деп жар салған Жұбан Молдағалиев тұрды. Қазақ халқын қойша қайыруға келген Г.В.Колбин Жазушылар Одағында кездесу өткізгенде, жастарды айыптай сөйлеп, Колбиннің бетінен сүюге рұқсат сұраушылар көбейіп жатқанда, залда лық толып отырған, бәлкім, өзінен дарындылау қаламдастарының шарасыз үнсіздігін бұзып, Колбинге қазақ атынан тұңғыш наразылық айтқан да, Желтоқсан қасіретінің анық кескінін батыл ашып берген де сол еді. Өз өлеңіне - шындығына қарсы шығып, өз сезіміне сатқындық жасай алмаған Жұбан сөйтіп қиын сәтте халқын жұбата білді.

Былайша айтқанда, барша жұртқа өзінің ұлттық рухты көтеретін жалынды жырларымен аса танымал болған, ел ертеңі, ұлт тірегі - жастарға ұлы өнеге көрсеткен Жұбан ақынның қызметін Қазақстанның демократиялық жаңару дәуірімен байланыстыруға толық болады. Өйткені «демократия», «ұлттық тарих», «мемлекеттілік», «тәуелсіздік», «территориялық тұтастық» ұғымдары 1986 жылдың Желтоқсанынан кейін Қазақстан қоғамында ерекше өрлей бастады. Ал Желтоқсан қозғалысы мен Ж.Молдағалиевтің қазаққа «екінші Голощекин» болып келген Колбинмен болған кездесу мен 1987 жылғы Пленумда сөйлеген сөздері үндес. Тіпті ішіне үңіліп қараған адамға Ж.Молдағалиевтің «Мен - қазақпын!» дастаны мен Желтоқсан қозғалысының да іштей байланысы бар.

-Тұяқбай Зейітұлы, Алаш азаматтарының азаттық үшін күресіне, Желтоқсан оқиғасына себеп болған жағдайлар аз емес. Осы жөнінде тарқатып айтып берсеңіз?

-Иә, Жұбан Молдағалиев есімі мен Қазақстандағы демократиялық қозғалыстың сабақтастығын сөз етіп отырған бүгінгі жағдайда мәселенің өзектілігін барынша түсіну үшін кешегі тарих беттерін де шолып өткен жөн. ХХ ғасырда Қазақстанда ұлт-азаттық қозғалысының жаңа сатысы басталды. Оның басы-қасында «Оян, қазақ» ұранымен шыққан, демократиялық Ресейдің құрамында қазақ елін еуропалық жолмен дамытуды, жаңғыртуды көксеген Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Жанша Досмұхамедов бастаған реформатор ұрпақ тұрды. Бұл ұлттық рухтың жаңғыру, қайта түлеу кезеңінің басы еді. 1916-1937 жылдары қазақ халқы ұлт-азаттық қозғалысының сергелдең кезеңіне түсті, ұлт қырғынға ұшырады, оның рухының қаймағы, маңдайалды өкілдері жойылды. Ұлт-азаттық қозғалысы өз қанымен тұншықты. Алайда халық өзінің жауынгерлік рухын жоғалтпады. 1916 жылы, одан кейін де қазақ шаруаларын күштеп ұжымдастыруға қарсы халық 372 рет көтеріліске шықты. Соғыстан кейін халық өзінің жарасын жазды, күшін жинады, біртіндеп ояна бастады. Бұл үрдістерді рухани өмірдің көсемі - зиялы қауым басқарды. Желтоқсан дүбірі кезінде Алматы құрылыс-энергетика техникумының ІІІ курс студенті Жамбыл Тайжұмаев өртенген машинаның қасында І.Есенберлиннің «Көшпенділерін» көтеріп тұрыпты. Шыңдығында да М.Әуезовтың «Абайы», С.Мұқановтың «Ботакөзі», «Балуан Шолағы», О.Сүлейменовтің «Аз и Я»-сы, Ғ.Мүсіреповтің өшіп бара жатқан қазақ тілін қорғап жасаған баяндамасы, М.Мағауин мен Ә.Кекілбаевтың тарихи романдары, Е.Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» монографиясы және Жұбан Молдағалиевтің «Мен - қазақпын!» дастаны сынды еңбектер жастарды оятты, ұлттық сана-сезімін қалыптастырды.

Жас ұрпақ ұлттың басына түскен геноцидті түсіне бастады. Олар 1930-1932 жылдардағы елдің Еуропа бөлігінен шұбырған 4 млн. халықтың қазақ жерін басып кеткенін көрді. Коммунизмнің ұлы құрылыстары, тың көтеру желеуімен іс жүзінде ұлтты орыстандыру жүрді, өз елінде халық жатаққа, өз отаны өгей елге айналды. Елдің өндіргіш күштері тек шикізат өндіру бағытында дамыды, қазақ мемлекеттігі Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «қуыршақ республика» дәрежесінде қалды. Орталық қазақ сахарасының саяси-экономикалық, экологиялық өміріне ұлы державалық тұрғыдан қарады. Аралдың құрғауы, Балқаштың суалуы, Семей полигоны, қазақ даласының ядролық, бактериологиялық, химиялық полигонға айналуы қазақ елін ұзақ жылдарға созылған қасіретке батырды. Қазақ елінің оңтүстігін Өзбекстанға беруі, Каспий жағалауына Түркменстанды дәмелі етуі, тың өлкесін Ресейге қосуға және Сарыарқаның төрінен неміс автономиясын құруға әрекеттенуі, Қарашығанақ мұнайгазконденсат кеніші бар Гурьев, Орал облыстарын Орынборға қосып, іріленген экономикалық аудан жасауға талпыныс - осының бәрі қазақ мемлекеті жерінің тұтастығына сұғанақтық жасаудың сан түрлі зымияндық жоспарының біз білетін ғана бөлігі болатын.

-Енді Жұбан ақынның сол кездегі ел басшылығына айтқан сөздеріне тоқталсаңыз, себебі біз оны елге түгел жеткіздік деп айта алмаймыз. Оның тарихи сөзінің мәні неде деп ойлайсыз?

-1986 жылғы 31 желтоқсанда Г.Колбинмен болған кездесуде сөйлеген сөзінде Жұбан ақын: «Сіздің өзіңізге республикада интернационалдық тәрбие және ұлтаралық қатынастар мәселесі қалай шешіліп жатқанын әлі де мұқият, сан қырлы талдау керек» - деп талап қойды. Желтоқсан оқиғасының сабақтарын саралап, қазақ жастарын қорғай келе: «Мен - қазақпын, өз халқымды мақтан етемін. Маған оның көп қатпарлы тарихы қымбат, ал оның бүгінгі күні одан да қымбат. 17-18 жастағы қыздарды шашынан сүйреп, сабаған жағдайды естіп-білгенде, осы күнге дейін өмір сүргеніме өкіндім», - деп әділ үкім-шешім айтты.

Жұбан Молдағалиев сол жиында аласапыран өрт өтінде тұрып, тоталитарлық жүйенің сеңі бұзылмаған қоғам жағдайында, тұңғыш рет қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін ұлт мүддесі биігінен былайша баяндап берді: «Қазақтар бүгінгі күн үшін басқа халықтармен бірге революция және совет үкіметін орнату жылдарынан абыроймен өтті, халқының жартысына жуығын жұтқан қасіретті ашаршылықты басынан өткерді, жас зиялыларынан айырған 37 мен 38-жылдардың трагедиясын бастан кешті. Соғыс жылдарында қазақтар Отанымыздың адал әрі қаһарман қорғаушыларының бірі болды. Осы ер, кеңқолтық, жомарт, өршіл әрі кәдімгі аңқау, ұлттық шектеушілік мүлде жат халық өзінің кеңдігін тың игеру кезінде де көрсетті. Тыңға сан түрлі адамның келгені ешкімге құпия емес, оның ішінде бұрынғы қылмыскерлер де, ақша қуған арамтамақтар да болды. Осындай адамдардың байырғы халықтың ұлттық намысына тиетін әрекеттер жасағаны аз емес».

Ж.Молдағалиев республикадағы әлеуметтік, тілдік, демографиялық ахуалдың шешімін таппай, оңдаған жылдар бойы қордаланған проблемасын да бірінші болып жария етті: «Республикада ұлттық арасалмақ өзгерді. Бұның өзі тыңдағы көп жерде қазақ мектебінің саны күрт кеміп кетуіне әкеп соқты, аз қалалардағы істің жайын айтпаса да болады, Тіпті Алматыдағы қазақ мектептерінің саны екеу не үшеу. Ал балалар бақшасының мәселесі бұдан да өткір. Және де ана тілін меңгеру дәл осы балалар бақшасынан басталатыны бізге белгілі. Қазақ ауылдарының, тіпті кейбір аудан орталықтарының әлеуметтік жағдайлары сын көтермейді. Тыңда - әдемі жаңа үйлер, ал бұларда - тоқал тамдар, оларда - асфальт жолдар, ал қазақ ауылдарында - бабаларынан қалған баяғы керуен жолы». Бір сөзбен айтқанда, Жұбан Молдағалиев Желтоқсан қозғалысының тамыры тарих қойнауында жатқандығын дәлелдеп берді. Желтоқсанға берілген тарихи баға, оның тарихи маңызы мен тарихи тағылымы Қазақстан Республикасының демократиялық өсуін айшықтайды. Сондықтан біз 1986 жылғы Желтоқсан қозғалысының себеп-салдарын, тарихи құбылыс ретіндегі мән-маңызын айтуға тиіспіз. Өйткені Желтоқсан қозғалысы Қазақстандағы демократияның бастауы, жаңғыруы болып саналады.

-Желтоқсан оқиғасынан кейін тура бес жылдан кейін Қазақстан өз тәуелсіздігін жария етті. Жалпы, бұл қозғалыстың тек біздің санамызды дүр сілкіндіріп қана қоймай, бұрынғы Одақ елдерінің егемендік жолындағы іс-қимылы мен күресіне әсер еткені анық. Тарихшы ретінде осы жөнінде не айтар едіңіз?

-1986 жылғы 16 желтоқсанда тоталитарлық тәртіп, әдеттегідей, халықтан митингілерде, мерекелер мен басқа да оқиғаларға орай өткізілетін шерулерде билеуші партияның саясатын қолдап, қолпаштауға бағытталған белсенді бірауыздылықты талап етті. Тоқыраудың соңғы жылдары халықтың тоталитарлық тәртіпке деген үнсіз қарсылығы ерекше күшті еді. Алайда, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы ондай үнсіз наразылықтың бет-пердесін бір-ақ ұшырды. «Қайта құру» кезеңі ішінде үстемдік режим тұңғыш рет күллі жүйенің сыр бере бастағанын байқайтындай өте бір өжет қарсыласуға килікті.

Қазақ жастары «Орталықтың дәстүрлі әміршіл іс-әрекеттері мен қайта құрудың жарияланып жатқан демократиялық қағидалары арасындағы айқын қайшылықтың» бетін тұңғыш рет айқара ашып, Мәскеудің екіжүзділігіне, Саяси Бюроның шешіміне, Кеңес империясының зорлықшыл тас қамалына тайсалмай қарсы шықты, сөйтіп қанқұйлы режиммен шайқасқа түсіп, әлем алдында айрықша жанқиярлық көрсетті. Жастардың бас көтеруінің себебі анағұрлым тереңде жатты. 1986 жылдың аяғына қарай елдің экономикалық, саяси, әлеуметтік, ұлттық, мәдени дамуындағы кең көлемді ілгерілеушіліктер Орталық пен одақтас республикалар арасындағы қарым-қатынастың барынша шиеленісуіне әкеп ұрындырды. Ұлан-байтақ елді басқару жүйесінің шамадан тыс орталықтандырылуы сыр бере бастады. Жергілікті мәселелерді жедел әрі дұрыс шешу үшін жергілікті билік орындарына жеткілікті өкілеттер беру туралы мәселе күн тәртібінде тұрды. Қоғамдық дамудың логикасының өзі одақтас республикаларды уақытша келімсектер емес, жергілікті мәселелерді жетік білетін мамандар басқаруын талап етті. Сондай-ақ, адамдарды демократияға үндеп, тоталитарлық жағдайда өмір сүргізу - тек қана екіжүзділік ғана емес, әлеуметтік әсіреңкілікті де күшейтті. Мұндай рухани көлгірлікке қоғамдық сана оңай көндіге қоймады. Мұндай жағдаймен жастар, әсіресе, білімді, ой-өрісі дамыған жас өскіндер келісе алмады. Сондықтан да алаңға басқалар емес, студенттердің шығуына еш таңдануға болмайды.

Желтоқсан оқиғасы Орталықтың озбырлығын ашып, күллі ұлттық болмысты түбірімен жаңа сапалық өреге көтерді. Аталмыш оқиғаға қатысушылар тоталитарлық жүйеге, отаршылдыққа ашық қарсы шықты. Демократиялық, ұлт-азаттық реңдегі мінез де танытты. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Желтоқсан оқиғасын жай әлеуметтік қозғалыстың белгілі бір көрінісі ғана деп емес, жарқ етіп көрінген реформаторлық қозғалыстың жарқын прологы деп санаған жөн. Қазақстандағы демократиялық жаңғырудың айқын үлгісі деп санаған дұрыс.

Қазақстандағы Желтоқсан оқиғасы одақтас республикалардың Орталық өктемдігіне жария сипат берді. Осы орайда қозғалысты, біріншіден, ішкі ұлттық маңызы бар оқиға, яғни ұлттың өзін-өзі тану сезімінің оянуы ретінде, екіншіден, жалпыодақтық деңгейдегі, яғни одақтас республикалардың егемендігіне серпін берген оқиға ретінде, үшіншіден, әлемдік маңызы бар, яғни социалистік лагерьдің күйреуінің бастамасы ретінде бағалауға әбден болады.

Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кеңестік қоғамды шынайы демократияландыруда үлкен құбылыс болды. Бұрынғы Одақтың бүкіл аумағын қамтыған осынау процестер, КСРО басшылығының 80 жылдардың аяғында шығысеуропалық елдерде күш қолданудан амалсыз бас тартуына себеп болды.

Желтоқсан оқиғасы барысында Қазақстанда алданып, түрмеге тасталған ақыл-ой мен ар-ождан тұтқындары пайда болды. Олар жоғары басшылықтың әрекетіне қарсы өздерінің келіспеушілігін білдіруден жасқанған жоқ, өз халқының азат өмірі үшін айқасқа шыққан саналы күрескерлерге айналды. Желтоқсан қозғалысы Қазақстанда ешкімді енжар қалдырмады. Бәрі қозғалысқа түсті. Қазақстан пікірталас алаңына айналды. Осыны сезген партия басшысы Г.Колбин өзінің тікелей басшылығымен екі рет (1987, 1988 жж.) ұлт мәселесіне арналған ғылыми-практикалық конференция өткізді. Негізгі әңгіме арнасы, әрине, Желтоқсан оқиғасы еді.

Алматы оқиғасы халықтың сана-сезімі өскендігінің, өзін толғандыратын проблемаларға азаматтық көзқарасын білдіру құқығын пайдалануға деген аңсарының да көрінісі еді. Осылайша, Алматыдағы 1986 жылдың Желтоқсан оқиғасы социалистік құрылыстың күйреуінде басты әрі шешуші қызмет атқарды және шығысеуропалық халықтардың өздеріндегі тоталитарлық жүйені жеңіп шығуының негізгі халықаралық факторы болды.

Соңғы жаңалықтар