Ел аумағында есірткі сатуды насихаттайтын сегіз сайт жабылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ел аумағында есірткі сатуды насихаттайтын сегіз сайт жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қаласы прокуратурасы интернет көздеріне мониторинг жүргізу барысында есірткі құралдары мен психотроптық заттарды жарнамалап, насихаттайтын сегіз сайтты анықтады.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, бұл «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» ҚР Заңы 2-бабының талаптарына қайшы келеді.

Сайттардағы ақпараттың ел аумағында жариялануы заңсыз болғандықтан және оларды жабу үшін заңсыз деп тану туралы сотқа талап арыз берілді.

ҚР Азаматтық процестік кодексінің 54-бабы 3-тармағына сәйкес прокурор азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерді қорғау туралы талап қоюмен, арызбен сотқа жүгінуге құқылы.

Қала прокурорының арызы қанағаттандырылып, Орал қаласы №2 сотының шешімімен аталмыш сайттар заңсыз деп танылды.

Шешімнің орындалуы ҚР Әділет, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктеріне жүктелді.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар