Ел аумағына заңсыз әкелінген Ariel мен Gilette өнімдерінің көзі жойылады

None
Фото: vitrinhafriyat.com
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ел аумағына заңсыз импортталған ARIEL ұнтағы мен GILLETTE ұстаралары жойылатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық әділет департаментінің мәліметінше, сәуір айында ҚР аумағына жалпы салмағы 5,5 тонна болатын ARIEL кір жуғыш ұнтағының 1640 қаптамасы заңсыз импортталған.

«Бұл өнімнің шығу тегі белгісіз, сапасы күмәнді. Сондай-ақ өнімде ARIEL тауар белгісі бар, дегенмен, өнімді әкелу үшін тауар белгісі құқық иесінің келісімі қажет. Импорттаушы мұндай келісімді алмаған. Осыған байланысты мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлері аталмыш тауарды Қазақстан аумағына әкелуді тоқтатты», - деп хабарлады ведомствода.

Одан бөлек, қалалық әділет департаменті жүргізген келіссөз мен құқықтық түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде тауар белгісінің құқық иесі мен импорттаушы арасында татуласуға қол жеткізілді, ал тауар жойылуға берілді.

Сондай-ақ, аталған импорттаушы 600 бірлік GILLETTE ұстарасын да елге әкелген.

Бұл ретте GILLETTE тауар белгісінің құқық иесі де бұл әрекетке келісім бермеген. Қазіргі уақытта тауарлар жойылуға берілді.

«Бұл тауар сертификатталмаған, оның қаптамасы ҚР аумағында қолданылатын техникалық регламентке сәйкес келмейді, сондай-ақ тауардың шығу тегі белгісіз болып табылады. Осыған байланысты осы тауарды Қазақстан аумағында айналымға шығару тұтынушыларға зиян келтіру қаупін тудыруы мүмкін», - деп мәлім етті әділет департаменті.

Зияткерлік меншік құқығын «Әділет органдары туралы» заңға сәйкес әділет органдары қорғайды.


Соңғы жаңалықтар