«Ел акцияға қанша қаржы жұмсауға даяр?»- баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 26 қараша, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Қазақстан - біз үшін ең жақын ел» деген мақала жарық көрді. Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімовпен кездесті. Шағын құрамда өткен кездесуде екі мемлекеттің басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтың 2013 жылы маусымда Өзбекстанға барған сапарында жасалған уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын талқылады. Сондай-ақ, сауда-экономикалық, су-энергетикалық, көлік және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың басымдығы бар бағыттары қаралды. Бұған қоса, тараптар өңірлік қауіпсіздіктің негізгі қырлары мен өзекті халықаралық мәселелер туралы сөз қозғады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кездесу аясында Қазақстан мен Өзбекстанның тарихи және мәдени тұрғыдан жақын елдер екеніне тоқталып өтті. Көрші болғандықтан, біз тәуелсіздік жағдайында қарым-қатынасымызды дұрыс құра білдік. Қазақстан Өзбекстанның барлық бастамаларын қолдайды. Біз екі елдің достығын нығайтуға, сауданы ұлғайтуға, өзара қарым-қатынастарды ішкі және сыртқы қауіпсіздік мәселелері мен өзге де бағыттар бойынша дамытуға ниеттіміз. Біздің елдеріміз қазір осы келіссөздерді жіті бақылап отыр, өйткені, бүкіл өңірдегі тұрақтылық пен даму Қазақстан мен Өзбекстанның ұстанымдарына, өзара жұмысына байланысты, деді Қазақстан басшысы.

Ал Өзбекстан Президенті өз кезегінде бүгінде әлемдегі жағдай қарқынды өзгеріп жатқанына тоқталды. Мұндай жағдайда әрбір ел өзіне таяныш іздейді, жоспарларын нақтылайды және таяу көршілеріне арқа сүйейді. Қазақстан - біз үшін ең жақын ел, ауыр сынақтар мен қуанышты күндері ылғи да бізбен бірге болған жақын халық. Біз әрдайым бір-бірімізге көмекке келдік. Өркендеу жолына сенімді қадам басып бара жатқан Қазақ еліне зор құрметімді білдіргім келеді. Бізге «сағатымызды теңестіріп», алдағы келешекті анықтау үшін жиі кездесіп отыру қажет, деді И.Кәрімов.

Бас басылымда « Мен қазақ халқына ризамын» деген тақырыппен жазушы Герольд Бельгермен арадағы сұхбат жарияланды.

«Менің әкем Карл Фридрихович те күнделік жазған. Ал мен күнделікті екінші сыныпта оқып жүргенде ме, әлде үшінші сыныпта ма, жаза бастадым. Содан бері бұл әдетімнен тайған емеспін. Көлемі біраз, қазірдің өзінде 50 баспа табақтан асып кетті білем. Әрине, күнделіктерімдегілердің бәрі алтын емес. Арасында адамның күлкісін келтіретін, ешкімді, тіпті менің өзімді де қызықтырмайтын сөздер жетерлік. Дегенмен, дәптерге түскендерді ой елегінен өткізіп, кәдімгідей сұрыптасам, менің ғана емес, өскен ортамның көріністері қылаң беретініне, тұтас бір дәуірдің көз алдыма келетініне күмәнім жоқ. Денсаулық болса, бұл іспен де айналыспақ ойым бар. Болашақ еңбегімнің атын да ойлап қойдым. «Өткен күндер елесі» деп атасам деймін. Кейде осының бәрі кімге керек деп ойлайтын кездерім де болады. Алайда, ұлы Абайдың Он бесінші қара сөзіндегі: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» деген сөздері оралады да, тағы да жалғастырып әкетемін»,-дейді жазушы.

***

«Көрнекті жазушы, Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың: «Балаға бастауыш сыныпта білімді тек ана тілінде беру қажеттігін» қадап айтқаны бар. Табалдырықтан биік нәрсе жоқ. Бала үшін табалдырық дегеніміз не? Ол - мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, бойға құяр білім нәрі. Бастауыш сыныптың есігін алғаш ашқан баланы мұғалімдер әліппемен қарсы алады. Ал бүгінгі әліппе баланың талғамына сай келе ме? «Тарыдай болып кіретін» баланың әліппесінің де сиқы кете бастапты. Неге бұлай айтып отырмыз? Себебі соңғы күндері баспасөзде айғай-шуға айналған мәселенің бірі - Сәбилерге арналған әліппе оқулығы болып тұр. Аталмыш әліппені Қарағандының «Полиграф-Проэкст» баспасы жарыққа шығарыпты. Тіпті әліппедегі авторлардың да аты-жөні беймағлұм. Тек қаптаған суретшілердің ғана тізімі көрсетілген»,-деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санында. Бұл мақала басылымда «Балалардың басты кітабынан қате жібергендер кімдер?» деген тақырыппен берілген.

Осы газетте «Ел акцияға қанша қаржы жұмсауға даяр?» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Халық Ай-Пи-О-ға» қатысуда қазіргі кезде еліміздің батыс өңіріндегі тұрғындар үлкен белсенділік танытуда. Бұл туралы Сенат депутаттарының «Самұрық-Қазына» қоры және «КЕГОК» ұлттық компаниясы басшылығымен кездесуінде белгілі болды. Жиында айтылғанындай, бүгінде қазақстандықтар КЕГОК-тың акцияларын сатып алуға орташа алғанда 400 мың теңгедей қаражатын шығындауға әзір отыр.

***

«Экспресс-К» басылымында «Да провалиться мне на этом месте...» атты материал басылды. Солтүстік Қазақстан облысында мұз астына «Нива» көлігі батып кетті. Абырой болғанда, Сергеев су қоймасында балық аулауға барған көлік жүргізушісі мен жолаушылар зардап шеккен жоқ. Балықшылар бірнеше сағаттан кейін үйлеріне қарай бағыт алғанда көлік астындағы мұз жарыла бастаған. Мұз астына кете бастаған көліктің есіктерін ашу мүмкін болмағандықтан, ішіндегі адамдар артқы есігінен шығып үлгерген.

Соңғы жаңалықтар