ЕҚЫҰ Тұрақты Кеңесі ЕАЭО-мен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Венада ЕҚЫҰ Тұрақты Кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Президенті Кристин Муттоненнің, Еуразия экономикалық комиссиясының (ЕЭК) төрағасы Тигран Саргсянның және ЕҚЫҰ Қауіпсіздік, Экономика және экология және Адами өлшем жөніндегі комитет төрағаларының баяндамалары қарастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ЕЭК төрағасы Тигран Саргсян қатысушыларға Еуразия экономикалық одағының (ЕЭО) қызметі мен басымдықтары туралы жан-жақты ақпарат берді және ұйым шеңберінде жүзеге асырылған жұмыстарды атап өтті. Ұйымның Жібек жолы экономикалық белдеуі аясындағы ынтымақтастығы мен екі жобаның сауда-экономикалық қатынастарда бір-бірін толықтырғанын жеткізді.  Сонымен бірге, қазіргі таңдағы комиссияның біріккен энергетика және қаржы нарығын құру бойынша жұмысына назар аударды және Еуропа одағы елдерімен аталған салада ынтымақтастық орнатуға шақырды. Т.Саргсян ЕЭО-ның ЕҚЫҰ-мен де ынтымақтастығын нығайтуға мүдделі екенін мәлімдеді.

Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-дағы Тұрақты Өкілі Қайрат Сарыбай Қазақстанның ЕЭО-дағы басымдықтары мен ұйымға 2016 жылғы төрағалығында «Экономикалық дипломатия» мәселелеріне ерекше мән бергенін, сонымен бірге жуырда Сочиде өткен Жоғарғы Еуразия Экономикалық Кеңесі барысында ұйымның негізгі басымдығына айналған, Елбасының ЕЭО шеңберінде «цифрлық форматқа» көшуге арналған саммит ұсынысының қабылдануына назар аударды және аталған мәселе бойынша ЕҚЫҰ мен ЕЭО арасындағы синергияның маңыздылығына тоқталды.

Сонымен бірге, Елші ЕҚЫҰ ПА Төрайымы К.Муттоненнің жұмысын жоғары бағалады және Қазақстанға нәтижелі сапар жасағанына назар аударды. Төрайымның маусым айында ЭКСПО-да ЕҚЫҰ стендінің ашылуына қатысуына, Астанада өткен ЕҚЫҰ Экономика және экологиялық форумының Екінші жиналысында баяндама жасауына, тамызда «Жаңа ядролық қауіп-қатерге қарсы іс-қимыл» тақырыбына арналған Пагуош конференциясына қатысуына орай алғыс білдірді.

ЕҚЫҰ Экономика және экология комитетінің төрағасы - Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-дағы Тұрақты Өкілі Қ.Сарыбай 10 ай бойы атқарылған комитет жұмысы туралы есеп берді. Комитетке Қазақстан төрағалығы барысында көлік, көші-қон, жақсы басқару, сыбайлас жемқорлықпен күрес, инвестициялық климат, сауда, өзара байланыстық, жаңармалы энергетика, тұрақты даму іспеттес мәселелер көтерілгенін және нәтижесінде ЕҚЫҰ министрлер кеңесінің қарауына экономика және қоршаған орта бойынша шешім жобалары енгізілетінін жеткізді.Сондай-ақ, ЭКСПО инфрақұрылымы негізінде Астанада құрылатын «Болашақ энергия» жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар халықаралық орталығының жұмысына ЕҚЫҰ қомақты үлес қоса алатынын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар