ЕҚЫҰ Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды қолдады

None
None
ВЕНА. ҚазАқпарат - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға қолдау білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров бастаған Қазақстан Республикасы Парламентінің делегациясы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының Венада өтіп жатқан 19-шы сессиясына қатысуда. Делегация құрамында Сенат депутаттары М.Бортник, Т.Мұқашев және Мәжіліс депутаттары С.Абдрахманов пен Ж.Ахметбеков бар.

А.Шәкіров жалпы комитеттердің бірлескен отырысында Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және демократиялық өзгерістер туралы Ассамблея мүшелерін хабардар етті.

Атап айтқанда, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының аясында жүзеге асатын көппартиялықты дамыту, парламенттік оппозиция құқықтарын нығайту, әйелдер мен жастарды заң шығару саласына тарту, құқық қорғау жүйесі мен бейбіт жиналыстар туралы заңнаманы жетілдіру жөніндегі шаралар атап өтілді.

Отырыс қорытындысын шығару кезінде Парламенттік Ассамблея Төрағасы Георгий Церетели Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы үдеріске тікелей қатысып келе жатқанын жоғары бағалады.

«Мен Қазақстанға бірнеше рет бардым. Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүзеге асырып жатқан барлық маңызды реформаларын толық қолдаймыз. Қазақстан Президентін біздің кез келген отырыста құрметті қонақ ретінде көрсек қуанар едік. Өйткені, ол осы Ұйымның дамуына үлкен үлес қосты. Сондықтан біздің есігіміз оған әрқашан ашық», - деді Георгий Церетели.

ЕҚЫҰ ПА қызметіне қосқан елеулі үлесіне назар аудара отырып Г.Церетели Мемлекет басшысын ұйымның алдағы шараларына, атап айтқанда, биылғы шілде айында Ванкуверде өтетін Ассамблеяның жыл сайынғы сессиясына құрметті қонақ ретінде шақырды.

Сессия аясында Қазақстан Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының басшылығымен және Аустрия Парламенті Ұлттық Кеңесінің Төрағасы Вольфганг Соботкамен бірқатар кездесулер өткізді.

Парламент депутаттары Саяси мәселелер және қауіпсіздік, Экономикалық мәселелер, ғылым, технологиялар және қоршаған орта, Демократия, адам құқықтары және гуманитарлық мәселелер жөніндегі жалпы комитеттердің пікірсайыстарына қатысты. Кемсітушілік пен төзбеушілікке қарсы күрес, ұзаққа созылған жанжалдарды шешу, климат өзгерістерінің себеп-салдары және тағы басқалар - күн тәртібіндегі негізгі мәселелер.


Соңғы жаңалықтар