ЕҚЫҰ ДИАҚБ-ның сайлауға бағасы тек ұсыным негізінде жарияланып отыр - СІМ орынбасары

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқы бюросының (ДИАҚБ) еліміздегі сайлауға қатысты мәлімдемесіне орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының еліміздегі сайлауға берген бағасына қатысты тиісті ұстанымы жарияланғанын да еске салды.

«ЕҚЫҰ аясында бірқатар институт жұмыс істейді. Сондай институттардың бірі – Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро. Бұл орган ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің барлығында әлі бекітілмеген белгілі бір ережелер негізінде жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде сайлау науқанын байқау ережелеріне қатысты», - деді Роман Василенко Мәжілісте тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Ол 2010 жылы ДИАҚБ аясында №6 сайлауды байқау бойынша кейбір нұсқаулар дербес бекітілгенін атап өтті. Алайда олар ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ұстанымдарын есепке алмаған.

«ЕҚЫҰ ДИАҚБ ұйымға мүше мемлекеттерге демократиялық институттарды дамытуда көмек көрсетуі тиіс. Бұл өз кезегінде ДИАҚБ сайлауды байқауға немесе белгілі бір органдармен ынтымақтасуға шақырған ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттерге көмек көрсетуі керек дегенді білдіреді. Атап айтқанда, биылғы маусым айында ДИАҚБ пен Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілі арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды», - деді Р. Василенко.

Сонымен қатар ол ДИАҚБ берген баға ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер қабылдайтын немесе қабылдамауы мүмкін ұсынымдар санатына жататынын жеткізді.

«Осы жылдың өзінде ДИАҚБ Франция, АҚШ, Мажарстан және Сербиядағы сайлауға байқаушы ретінде қатысты. Бұл тұрғыда осы мүше мемлекеттерге арнап ұсыныстары бар баяндамалар жарияланды. Әр мүше мемлекет ДИАҚБ жариялаған ұсыныстарға қатысты өз бағытын дербес қарастырады. Біз ДИАҚБ-мен одан әрі ынтымақтастыққа мұқият қарайтын боламыз», - деді министрдің орынбасары.


Соңғы жаңалықтар