Экстремизм мен лаңкестік насихатына қарсы қоғамға иммунитет қажет - М. Әзілханов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Таяу Шығыстың экстремистері мен лаңкестері идеяларына қарсы қоғамдық сана-сезімде иммунитетті қалыптастыру қажет. Бұл туралы бүгін Қазақстан дінтанушыларының ІV форумында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов айтты.

Ол Таяу Шығыста орын алып жатқан ахуалға алаңдаулы екенін айта келе, бұның кері әсері елімізге де қауіп тудыруы мүмкін екенін жеткізді.

М. Әзілхановтың сөзіне қарағанда, әлемнің бірқатар жеріндегі экстремизм мен лаңкестік белгілері бізге ақпараттық және идеологиялық ықпал етуде. Бұның салдарынан кейбір азаматтар қандай да бір экстремистік акцияларға қатысуға талпынып, ондағы соғысып жүргендердің қатарына қосылу үшін ел аумағынан шығуға тырысуда.

«Алайда, шын мәнінде бұл - нағыз лаңкестер», - М. Әзілханов.

Осы орайда ол Сирия мен Ирактағы жағдай Қазақстан азаматтарына ақпараттық-идеологиялық тұрғыда өте қатты әсер етіп отырғандығын сөз етті. «Бұндай жағдайда біз жай ғана бақылап тұра алмайтынымыз анық. Дінді жамылып экстермизм мен лаңкестік әрекеттері - бұл барша әлемдегі нөмір бірінші тақырыпқа айналып отыр», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, бұл проблеманы кешенді түрде ары қарай зерттеу керек.

«Сонымен бірге біздің ортақ мақсатымыз - қоғамдық сана-сезімде экстремизмге қарсы мазмұндағы әлдебір иммундық тетіктерді бұдан ары қарай қалыптастыру. Бұл тұрғыда біздің барлық деңгейдегі білім беру мен тәрбиелік үдерістерге қатысуымызды жалғастыру керек. Мамандарды даярлаудың сапасын арттыру маңызды. Атап айтқанда, дін саласында білікті маманды даярлау - бұл өте үлкен жұмыс», - деп түйді ол.

Соңғы жаңалықтар