Экстремистер қолынан қаза тапқан әскерилерді еске алуға арналған турнир өтті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде 5 жыл бұрын экстремистік топтың әскери бөлімге шабуылы кезінде ерлікпен қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алуға арналған турнир өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Самбо күресінен біріншілікті ұйымдастырушы - ҚР Ұлттық ұланы.

Бозкілемге өңірлік қолбасшылық командаларынан «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс», «Шығыс», Нұр-Сұлтан қаласының 5573 әскери бөлімінен және ҚР Ұлттық ұланының Әскери институтынан 70-ке жуық спортшы шықты.

Оның ішінде 1 балуан – халықаралық санаттағы спорт шебері, 8-і – спорт шебері, 22-сі – спорт шеберіне кандидат.

Жарыс басталар алдында қатысушылар қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алып, мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойды.

Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте бірінші орынды «Батыс» өңірлік қолбасшылық командасы иеленді, оның қоржынында төрт санат бойынша 4 алтын медаль болды. Екінші орынға 5573 әскери бөлімінің (Нұр-Сұлтан қаласы) командасы табан тіреді. Үшінші орын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылық командасына бұйырды.

Еске сала кетейік, 2016 жылдың 5 маусымында 17 адамнан тұратын экстремистік топ Ақтөбе қаласындағы екі қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, әскери бөлім аумағындағы қару-жарақ қоймасын басып алмақ болды. Қарулы қылмыскерлердің тосын шабуылына тойтарыс беру кезінде ҚР ҰҚК «Батыс» өңірлік қолбасшылық командасы әскери барлау бөлімінің аға жедел уәкілі, майор Даниэль Майлыбаев, келісімшарт бойынша әскери қызметші кіші сержант Берікжан Қалиев және жедел қызмет әскери қызметшісі, қатардағы жауынгер Досбол Сапар ерлікпен қаза тапты.

ҚР Президентінің Жарлығымен майор Даниэль Майлыбаев II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды, оған қайтыс болғаннан кейін подполковник әскери атағы да берілді. Кіші сержант Берікжан Қалиев пен қатардағы жауынгер Досбол Сапар қайтыс болғаннан кейін III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Бұдан бөлек, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен қатардағы жауынгер Бақтияр Қайырбеков, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен қатардағы жауынгерлер Сырым Сүндетов пен Денис Чернышов лайықталды.


Соңғы жаңалықтар