Экстремалдар Көктөбеде 4 000 метр биіктіктен секірді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Танымал Red Bull Skydive Team әуе командасының атлеттері Көктөбе үстінде вингсьютпен секірді. Бұл - қала үстінде жасалған алғашқы вингсьют-секіру, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Команда Қазақстанға алғаш рет 2017 жылы келген. Сол уақытта атлеттер бэйс-джамп жасап, Нұр-Сұлтан қаласының аспанынан секірді. Алматыға келген Марко Вальтеншпиль, Марко Фюрст және Даниэль Дэ Ла Бланка есімді экстремалдарды теңіз деңгейінен биікте орналасқан Көк-Төбе телемұнарасы қызықтырды.null

Жоба бір жарым ай дайындалды. Атлеттерді біздің елдің табиғаты баурап алды. Қар жамылған тау шыңдары спортшыларды бейжай қалдырмады. Сондықтан, Қазақстанда экстремалды спорттық секіру көзделген.

«Біз Нұр-Сұлтанда бірнеше жыл бұрын болғанбыз, сол кезде әуе спорты үшін елдің әлеуеті жоғары екенін байқадық. Қазақстанға қайтып келу туралы шешім қабылдадық. Жобаға Алматыны таңдадық. Біз ұшу үшін бірнеше жерді қарастырғанбыз. Оның ішінде Үлкен Алматы көлі мен телемұнара болды. Көктөбені таңдадық. Әрине, тауларды қоспағанда қаланың ең биік нүктесі осы жер екенін анықтадық. Жобамыздың идеясы осылай пайда болды. Бәрі сәтті өтті, керемет әсер алдық», - дейді спортшы Марко Вальтеншпиль.null

Шетелдік спортшылардың аспанда қалықтауы Алматы қаласының барлық жауапты қызметтерінің келісімімен 18-20 маусым аралығында өтті. Ан-2 ұшағы атлеттерді Бутаковка шатқалында орналасқан, 4 000 метрге жуық биіктікте белгіленген лақтыру нүктесіне жеткізді. Спортшылардың вингсьютта әуеде ұшуы шамамен екі минутқа солзылды. Атлеттер Көктөбе телемұнарасынан 220 метр биіктікке қонды. Бұл бірегей секіруді іске асыруға және барлық ұйымдастыру мәселелерін шешуге Visit Almaty компаниясы, Алматы қаласының әкімдігі және Алматы қаласының туризм басқармасы көмектесті.null

«Мен Қазақстанда осындай биік таулар бар екенін білмедім. Әсіресе, таудың арасынан көл көремін деп ойламадым. Тылсым табиғаттың кереметіне таңдай қақтым. Біз тауда секіру үшін қаншама мүмкіндік бар екенін көрдік. Сондықтан, осы жерге қайта оралуды жоспарлап отырмыз», - деді Марко Фюрст.

Red Bull Skydive Team әуе акробаттары 2012 жылдан бастап батыл секірулерімен және өзіндік идеяларымен таң қалдырып келеді. Дәл осы команда 2015 жылы 4000 м биіктікте ұшып бара жатқан тікұшақтан индонезиялық жанартауға секірген болатын. 2016 жылы атлеттер бірнеше жүз метр биіктікте парашютке ілінген әткеншекті тепкен болатын. Командада аэроакробатика бойынша көптеген рекордтар бар.null

Вингсьют «костюм-қанат» деген мағына береді, оны кейде «ұшатын тиін» деп те атайды. Бұл - әуе акробатикасына арналған кәсіби костюм.

null null

Автор: Алма Мұқанова

Соңғы жаңалықтар