ЭКСПО және Бурабай: Бағалар қалай құбылмақ

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бурабай кенті Астана қаласынан үш сағаттық қашықтықта орналасқан Ақмола облысындағы курортты елді мекен, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ақмола облысы әкімдігінің дерегі бойынша, ЭКСПО көрмесі кезінде Бурабай кенті мен Зеренді ауданына демалуға 500 мыңнан астам турист келетіні жоспарланған.

«Сол себепті, мұндағы орындардың 20 пайызы ЭКСПО қонақтарына арналған. Бурабай мен Зерендіге демалуға келген туристер үшін қонақүйлерге бір тәулікке тоқтау ақысы орташа 5-25 мың теңгені құрайды», деп атап өтті облыстық туризм басқармасынан.

Жалпы, тур-компаниялар мен қонақүйлердің ұсынып отырған бағасына келетін болсақ, ЭКСПО қонақтары үшін бірқатар туристік компаниялар тарапынан Астана қаласы мен Бурабай кентіне арнайы саяхат қарастырылған.

Мәселен, бір турфирма әуежайдан қонақүйге дейін жеткізу, онда қонақтау, ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалау және Бурабайға барып-қайту тәрізді төрт күндік турдың бағасын 262 500 теңгеге бағалап отыр.

Келесі турфирма бес күндік саяхатты ұсынып отыр. Онда Бурабай немесе ЭКСПО көрмесіне саяхат қарастырылған. Оған отельге дейін жеткізу, қала бойынша экскурсия жасау, елорданың көрікті жерлерін көру, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Алжир» мұражайын аралау сияқты қызметтер кіреді. Бұл турдың құны бір адамға 118 420 теңгені құрайды. Бос уақытында турист қосымша ақы төлеп, ЭКСПО немесе Бурабай курортына баруына болады. Ал, қала сыртына (қону қарастырылмаған) гидпен бірге екі адамға саяхаттың құны 62 500 теңгені құрайды. Туристерге эконом, стандарт және VIP тәрізді үш пакет ұсынылады.

Жалпы, Бурабай мен Щучинскіде қонақүйлердегі стандартты нөмірлердің құны екі адамға тәулігіне 7000 немесе 80 000 теңгені құрайды. Орташа баға  - 15 мың теңге. Люкс нөмірлердің ақысы 750 мың теңге. Ал, бөлме, үй, пәтер, коттедж, вилла жалдау ақысы 3 - 100 мың теңге шамасында. Курортты аймаққа электричка немесе пойызбен келемін деушілерге билет құны 652-6228 теңгенің төңірегінде қалыптасып отыр. Сондай-ақ, шағын автобустар мен такси жалдап келу үшін 3-18 мың теңге көлемінде қаржы қажет болады.

 

Соңғы жаңалықтар