ЭКСПО жалауы Астанаға жетті (ФОТО)

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ЭКСПО халықаралық көрмесінің жалауы Астанаға жетті. Қазақстанға айтулы шараның символын Миланда өткен ЭКСПО-2015 көрмесіндегі Қазақстан павильонының бас комиссары Әнуарбек Мусин әкелді.

«Бұл жай ғана ту емес. Бұл еліміздің алдында кең мүмкіндіктер ашатын символ болып отыр. ҚР Президенті БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында сөз сөйлегенде айтқанындай, Қазақстан жасыл энергетика технологиясын ілгерілетуде әлемдік хабқа айналуға дайын. Барлық дағдарыстардың бастауы энергетикалық секторда жатқаны белгілі. Осы орайда біздің таңдап алған тақырыбымыз «Болашақтың энергиясы» ешқашан өзектілігін жоймақ емес», - деді ол.

ЭКСПО жалауы ЭКСПО-2015 өткен Милан қаласынан Қазақстанға салтанатты түрде табысталған болатын. Оны итальяндық әріптестерінен «ЭКСПО-2017» ҰК төрағасы Ахметжан Есімов пен Рапиль Жошыбаев қабылдап алды.

Сондай-ақ, қазақстандық павильон 114 елдің ішінде үздік үштікке енді. Итальяндық көрменің бас тақырыбы - ғаламшарды азық-түлікпен қамту болатын.

Қазақстандық павильон тақырыпты ашуда бас жүлдені иемденді.

«Біздің павильонымыз өте ұтымды құрылған. Келушілердің арасында өте танымал болды. ЭКСПО аяқталғанша қазақстандық павильонға 1 млн адам келді», - деді А.Мусин.

Айта кету керек, Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қазірдің өзінде 51 мемлекет, 11 халықаралық ұйым қатысамыз деп ниет білдірді.

Соңғы жаңалықтар