ЭКСПО-ның ашылу салтанаты таңғажайып отшашумен аяқталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылу рәсіміне орай ұйымдастырылған отшашу қала тұрғындары мен меймандарды таңғалдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, шамамен 15 минутқа созылған отшашу таңғажайып көрініске айналды. ЭКСПО-қалашыққа жиналған қауым бұрын-соңғы осындай отшашуды көрмегенін айтуда. Отшашу кезінде көрме ғимараттары мен павильондарында отырған адамдардың барлығы сыртқа шығып, тамаша көріністі жаппай смартфондарына түсіре бастады.


Көрме аумағындағы Медиа-орталық қызметкерлерінің мәліметінше, фейерверкті ұйымдастыру үшін «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы шетел компаниясын тартқан көрінеді. Пиротехник мамандар мен отшашу снарядтары туралы ақпарат кейін белгілі болмақ.

Айта кетейік, көрменің ресми ашылу рәсімі Конгресс-Орталығында өтіп, кейін ол Амфитеатрдағы концерттік бағдарламамен жалғасты. Концерт аяқталған соң көрермендер Сферадағы проекциялық лазерлі шоуды және таңғажайып отшашуды тамашалады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ашық деп жариялады.

«Қадірлі қауым! Осымен ЭКСПО-2017 көрмесін ашық деп жариялаймын. Әлем  жұртшылығы мен барлық  отандастарымды көрмені  тамашалауға шақырамын. Ұлы даланың төріне қош келдіңіздер!» - деді Елбасы.


Айта кетерлігі, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің салтанатты ашылу рәсіміне бірқатар елдің мемлекет және үкімет басшылары қатысты. Олардың арасында Чехия Республикасының Президенті Милош Земан,Люксембург Ұлы Герцогтігінің Премьер-Министрі Ксавье Беттель, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Армения Президенті Серж Саргсян, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев,  Сербия Президенті Александр Вучич, Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдорж, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұxамедов, Пәкістан Премьер-Министрі Наваз Шариф, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Испания королі Филипп VI, сондай-ақ Ресей Президенті Владимир Путин бар.

Соңғы жаңалықтар