ЭКСПО көрмесі аумағында соңғы он күнге жоспарланған шаралар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесінің жабылуына небары 10 күн қалды. «ҚазАқпарат» ХАА соңғы он күндегі көрме аумағында жоспарланған шараларына шолу жасады. 

Айта кетейік, белгіленген күндері көрмеге кіру бағасы - 4 мың теңге, белгіленбеген күндері кіру - 6 мың теңге, ал, кешкі уақыттарда кіру - 2 мың теңге. Зейнеткерлер, ардагерлер, мектеп оқушылары мен  студенттерге, көпбалалы аналар, жетімдер мен мүгедектерге 50 және 100 пайыздық жеңілдіктер қарастырылған.

Күн сайын көрме аумағында сағат 21.15-те кешкі шеру мен шоулар ұйымдастырылып, 22.50-ден 23.00-ге дейін жалғасады.

1 қыркүйек күні сағат 12.00-ден 21.30-ға дейін көрме аумағында тағамдар фестивалі өткізіледі.  Ұйымдастырушылар көрмеге келушілерге көрмеге қатысушы жүзден астам елдің ұлттық тағамдарын ұсынуға уәде етіп отыр. Қонақтарды қызықты шаралар, концерттік бағдарламалар, шеберлік сыныптары және әлемдік фуд-сарапшылардың дәрістерін тыңдау күтеді. Жапония павильонының алдында 11.00-ден 19.00-ге дейін шығып келе жатқан күн фестивалі ұйымдастырылады.

Ұйымдастырушылар сондай-ақ, дәстүрлі өнерлер, йо-йо тсури, оригами жасау және бон-одори бойынша шеберлік сабақтары өткізілетіндігін хабарлады.

Сағат 18.00-де ұлттық мерекесі аясында Ұлыбритания  «the Mersey Beatles» трибьют тобының жанды дауыста «Beatles» хиттерін орындатып, концерттік бағдарлама ұсынбақшы.

1 қыркүйек күні мереке күні болғандықтан, көрме аумағында «Жастар билеті» акциясы іске қосылады. Демек, бұл күні 17 жасқа дейінгі қазақстандықтар көрмеге тегін кіре алады. 

Сағат 18:30-дан бастап кешкі билеттерді 2 мың теңгеге сатып алуға болады. Мұндай баға саясаты 2-3 қыркүйек, демалыс күндері де іске қосылады.

2 қыркүйек күні сағат 11.00-де көрменің негізгі нысаны  - «Нұр Әлем» шарының жанында Гондурас Республикасының ұлттық мерекесіне арналған, ал 15.00-де Ватикан ұлттық күніне арналған концерт өткізіледі.

Сағат 20.00-де энергия холында Қазақстанның мемлекеттік академиялық  симфониялық оркестрімен бірлесіп, Жюльен Квентин (фортепиано, Франция), Томас Гульд (скрипка, Ұлыбритания), Мэри Беван (сопрано, Ұлыбритания) және Санди Тока Нова (виолончель, Швейцария/Қазақстан) өнер көрсетеді. Концерт бағдарламасында Моцарт, Бетховен және басқа да әлемге әйгілі музыканттардың шығармалары шырқалады.

3 қыркүйек күні сағат 11.00-де ұлттық мереке күні сахнасында Гватемала Республикасының концерті ұсынылады. Сағат 21.30-да амфитеатрда Оңтүстік Қазақстан облысының мәдени күндері аясындағы концерттік бағдарламалар ұйымдастырылмақшы.

4 қыркүйек күні ұлттық мереке күні сахнасында төрт бірдей концерт ұйымдастырылады. Сағат 10.00-де мұнай сарапшы-елдері ұйымдарының (ОПЕК), 12.00-де Тувалу мемлекетінің, 15.00-де Италияның, ал 18.00-де қазақстандық «Дара» тобының концерттік бағдарламалары жұртшылық назарына ұсынылады.

Ал, 21.30-да амфитеатрда «Астана» радиосы әзірлеген концерт беріледі.

5 қыркүйек күні сағат 10.00-де шар жанындағы сахнада әлемдік мұнай кеңесі күніне арналған концерт өтеді. Дәл осы жерде сағат 15.00-де Өзбекстанның ұлттық күні мерекеленеді.

Сағат 14.00-ден 16.00-ге дейін аргентиналықтар өздерінің билері және музыкасымен көрменің МАФ-2 арт-нысанында көрермендерінің көзайымына айналады.

6 қыркүйек күні сағат 11.00-де Біріккен Араб әмірліктерінің ұлттық күні мерекеленеді. Кешкі сағат 21.30-да Қарағанды облысының мәдени күндері аясында концерттік бағдарлама өткізіледі.

7 қыркүйек күні сағат 11.00-де Польшаның ұлттық күніне орай осы елдің ұлттық шеруі ұйымдастырылмақшы. Ал, сағат 17.00-ден бастап 18.00-ге дейін шығармашылық энергия аумағында Үндістан павильонының ұйымдастыруымен йога сабақтары өтеді.

8 қыркүйек күні Ресей Федерациясы сағат 11.00-де ұлттық шеруін жұртшылық назарына ұсынады. Сағат 16.00-ден 19.00-ге дейін Су аумағында плаз елдерінің (Жібек жолы, Африка, тынық мұхиты, Латын Америкасы, Мысыр) шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді. 9 қыркүйек күні ұлттық күн сахнасында соңғы концерттік бағдарламалардың бірін көрменің халықаралық бюросы ұйымдастырады.

10 қыркүйек күні конгресс-орталықта көрменің ресми жабылу салтанаты өткізіліп, концерттік бөлімі амфитеатрда жалғасады.

Шаралар кестесі «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы ұсынған аңдатпа негізінде әзірленді. 

Соңғы жаңалықтар