11:42, 12 Ақпан 2019 | GMT +6
ЭКСПО қалашықтағы пәтерлерді сату қашан жалғасады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы - «Бәйтерек девелопмент» АҚ 2019 жылдың 15 ақпанында «ЭКСПО - 2017» аумағындағы тұрғын үйлерді қайта сата бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметі атап өткендей, жаңа тетіктің арқасында баспаналарды 3%-бен 12 жылға бөліп төлеу арқылы сатып алуға болады.
«Бөліп төлеу тетігі бойынша бір отбасы тек 1 пәтер ала алады», - делінген хабарламада.
Еске салайық, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев ЭКСПО қалашықтағы пәтерлер сатылымына өтініш қабылдау процесінің неліктен тоқтап тұрғанын түсіндірген еді.
Хабарланғандай, «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы - «Бәйтерек девелопмент» АҚ Астанадағы ЭКСПО тұрғын үй кварталында жылжымайтын мүлікті сатып алуға өтініштер қабылдауды баспананы сату тетігін қайта қарауға байланысты уақытша тоқтатқан еді.