ЭКСПО: Франция павильоны Олжас Сүлейменовпен кездесу өткізді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің Франция секциясында Қазақстанның Еңбек Ері, қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменовпен кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Шараға Қазақстандағы Франция Елшілігінің қызметкерлері, ЭКСПО көрмесінің еріктілері және ақынның оқырмандары жиналды.

Кездесу алдында Олжас Сүлейменов жеті залдан тұратын Франция павильонын аралап көрді және көрме туралы өз пікірін білдірді.

- ЭКСПО-2017 көрмесімен танысуды Франция павильонынан бастағаныма қуаныштымын, - деді Олжас Омарұлы. - Бұл менің Парижде ұзақ жылдар бойы қызмет еткенім үшін емес, бала кезімнен осы елдің мәдениеті жаныма жақын. Франция павильонында әлемнің дамуына ықпал еткен ұлы тұлғаларға арналған бөлмелерді көрдім. Олардың арасында тұтас адамзатты өзінің жаңалығымен құтқарып қалған Луи Пастер бар. Бетон залын тамашалап, қарапайым әрі ғажайып жаңалықтарға куә болдым. Енді, бетон менің түсінігімде болашақтың материалына айналды. ИТЕР жобасы орналасқан зал да ерекше атап өтуге тұрарлық. ИТЕР компаниясында Францияның, Шығыстың және Батыстың ғалымдары күн энергиясын өндіріп жатыр», - деп атап өтті қоғам қайраткері.

Сонымен бірге, қоғам қайраткері жаңартылатын энергия көздерінің маңыздылығына баса назар аударып, Невада-Семей қозғалысының жұмысын еске салды.

«Күн - негізгі энергия жеткізуші және күн энергиясын баршаға қолжетімді еткенде ғана, өзге энергия көздеріне қажеттілік жоғалады және адамзат болашақтың энергиясы мәселесін шешуде түбегейлі жеңіске жетеді. Сонда ғана көмір, газ, мұнай арқылы өндірілетін жылу энергиясынан арыламыз. Сонда ғана Қазақстандағы атом электр стансаларының пайда болуы қаупінен арыламыз. Бұл, әсіресе, атом энергиясы ең арзан деген желеумен жасалған барлық жобаларды тоқтатып, жылдар бойы күрес жүргізіп келе жатқан Невада-Семей қозғалысы үшін аса маңызды. Қазақстан уран өндіруден әлем бойынша 2-3 орында тұр. Иә, еліміз уранға бай, бірақ, оларды атом электр стансаларында жаға бермейміз. Бұл, әрине, Невада-Семей қозғалысының белсенділігінің арқасы», - деді Олжас Омарұлы.

Кездесу барысында Олжас Сүлейменов ЮНЕСКО-ның жұмысы, экологиялық мәселелер және табиғатты қорғау туралы әңгімеледі және 1973 жылы Семей ядролық полигонына қарсылық ретінде жазған «Дикое поле» өлеңін оқып берді. Әлемдегі айтулы оқиғаға айналған ЭКСПО-2017 көрмесінің жұмысына сәттілік тілеп, «көрме Қазақстанға ғана емес, мәңгілік энергия іздеген бүкіл адамзатқа үлкен табыстар әкелсін» деген лебізін білдірді.

Соңғы жаңалықтар