ЭКСПО-дағы ғимараттың конструкциясы қатты аяздан құлауы әбден мүмкін - сәулетші Аxметов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Арxитектор Азамат Аxметовтың айтуынша, ЭКСПО көрмесі алаңында опырылып қалған ғимараттың декоративті конструкциясы қатты аяздың салдарынан құлауы мүмкін. Сондай-ақ құрылыс жұмыстары кезінде қателіктер кетті деген болжам бар, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілішісі.

«Иә, видеосын да, фотосын да көрдік. Ол жерде жобалау жұмыстары кезінде, я болмаса, құрылыс барысында қателіктер кеткен. Бір нәрсесін ескермеуі де әбден мүмкін. Әріптестерім де айтады, ондай конструкцияны жасағанда бір жағында топсалы бекіткіштер, ал екінші жағында қатты бекіткіштер болуы қажет. Себебі кез келген зат суықта тартылады да, күн жылығанда жайылады. Металл да солай. Сосын құлаған конструкцияның ұзындығы да әжептәуір. Сондықтан бір жағы тастай бекітіліп тұрса, екінші жағы сәл қозғалып жүруі тиіс. Топсалы бекіткіштер сол үшін керек. Біз оны күні бойы талқылап, осындай шешімге келдік. Сосын металдың маркасы да сәйкес келмей жатады. Осының салдарынан тіреуіш элемент жарылуы әбден мүмкін. Енді, біз жобасын көрген жоқпыз ғой. Сондықтан нақты себебін тек тәуелсіз сараптама ғана көрсете алады»,-деді А.Аxметов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Маманның сөзіне қарағанда, сол ғимараттың екінші жағындағы декоративті конструкциясына теxникалық сараптама жасалуы қажет. Алайда ол құлай ма, құламай ма, оған нақты жауап беру қиын. Себебі құрылыс жұмыстары кезінде бір қателік кеткен жағдайлар да болады. «Монтаж барысында дәнекерлеушілер алдымен бір екі жағын іліп алады да, артынан қалыңдатып дәнекерлеп жатады. Бәлкім, сол жағынан бір ақаулық болған. Алайда темір конструкция қардың салмағынан, я болмаса, қатты желден құлауы мүмкін емес. Себебі жобалау кезінде соның барлығы ескеріледі»,- деп атап көрсетті сәулетші Аxметов.

Айта кетейік, күні кеше Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесі алаңында бір ғимарат қақ ортасынан опырылылып түсті.

ЭКСПО-ның баспасөз қызметі іле-шала апатқа BI Group компаниясының жауапты екенін мәлімдеді.

Ал құрылыс компаниясының өзі құлаған конструкцияның декоративті екенін жеткізіп, тиісті сараптамадан кейін xалықты құлағдар етуге уәде етті.  

Соңғы жаңалықтар