ЭКСПО-да жаңа дәстүр пайда болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО-2017 көрмесіндегі «Нұр Әлем» павильонына келушілер павильон субұрқағына және ондағы Алтын тостағанға тиын лақтырып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қызметкерлердің айтуынша, бұл жаңа «дәстүрді» келушілердің өздері ойлап тапқан. Көрме қонақтары Алтын тостағанға тиын лақтыру арқылы байлық пен сәттілік тілесе, субұрқаққа тиын лақтырарда Астанаға қайтып оралуды ырымдайды екен.
null

Әзірге «Нұр Әлем» субұрқағынан 2 мың теңгеге жетер-жетпес ақша жиналған және оны көрме қызметкерлері келушілер ұмыт қалдырған заттармен бірге Астана қаласындағы балалар үйлеріне тапсыруды ұйғарған.

«Павильонға келушілердің көпшілігі бас киім, сырт киім, ойыншық, көзілдірік, телефон, сырға-сақина сынды жеке заттарын жиі ұмыт қалдырады. Біреулер жоғалған затын іздеп келеді, келмейтіндер де бар. Ұжыммен ақылдаса келе, субұрқақтан жиналған қаражатты және екі апта бойы иесі іздеп келмеген заттарды Астана қаласындағы балалар үйлеріне беруді жөн көрдік», - дейді «Нұр Әлем» павильонының қызметкері Әлімжан Шабаров.
null

Субұрқаққа тиын лақтыру дәстүрі Еуропа және Америкада кеңінен тараған. Шетелдік дереккөздерге сүйенсек, туристік маусымның қызған шағында Рим қаласындағы Треви субұрқағынан күніне 3 мың еуро сүзіліп алынады. Ал Диснейленд субұрқақтарынан жылына 18 мың долларға дейін табыс түседі. Өзге де қалалардың басты субұрқақтарына тасталған тиындардан жылына 3-4 мың доллар құралатын көрінеді. Жиналатын қаражаттың барлығы түрлі қайырымдылық қорларына аударылатынын да атап өткен жөн.

Соңғы жаңалықтар