ЭКСПО аумағындағы мерекелік шаралар тоқтатылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Денис Теннің мезгілсіз қаза табуына байланысты 21 шілдеде ЭКСПО көрме кешені аумағындағы мәдени-ойын-сауық шаралары тоқтатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қайғылы жағдайда опат болуына байланысты сенбі 21 шілдеге жоспарланған ЭКСПО көрме кешені аумағындағы барлық мәдени-ойын-сауық шаралары өткізілмейді», - делінген «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Айта кетсек, Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын. 

2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды. 

Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Бүгін белгілі болғандай, спортшының өліміне қатысы бар екі күдіктінің бірі ұсталып, ол қылмысын мойындады. Екінші күдікті - 1994 жылы туған Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақай ауылының тумасы Арман Құдайбергеновке іздеу жарияланды.

Соңғы жаңалықтар