ЭКСПО аумағында бір жылда қандай шаралар өткізілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы Басқарма төрағасы Ербол Шорманов көрме аяқталғаннан кейінгі бір жылда «ЭКСПО-2017» аумағында қандай жаңалықтар болып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тура бір жыл бұрын - 2017 жылдың 10 қыркүйегінде Астанада Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі жабылған болатын. Халықаралық көрмелер бюросы бұл ауқымды шараға тарихтағы ең сәтті мамандандырылған көрме деген баға берді. ЭКСПО-2017 көрмесінің арқасында Қазақстан экономикасындағы барлық сала дерлік серпін алып, туризм саласындағы өсім 78 пайызды көрсетті.

ЭКСПО-2017 көрмесінің жабылу салтанатында Мемлекет басшысы «көрме аяқталғанмен, одан қалған нысандар ел игілігі үшін жұмыс істеу керек» деген тапсырма берген болатын. Көрменің басты символы «Нұр Әлем» сферасы көрме аяқталса да, жұмысын тоқтатпаған. Қазір сфера жай ғана «болашақтың» музейі емес, күн сайын мыңдаған адам баратын біртұтас ғылыми-білім беру орталығы деуге болады.

«Біз келген адамдарға барынша қызықты болу үшін «Нұр Әлем» сферасының контентін үнемі жаңартып отырамыз. Әдеттегі инсталляциялардан басқа, біз әлемдік деңгейдегі атақты интерактивті шоу-жобаларды да ынтымақтастыққа шақырып отырмыз», - деп хабарлады Ербол Шорманов.

Ал, жақын арада ЭКСПО алаңында «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, Халықаралық «жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар» орталығы, «Astana Hub» Халықаралық IT-стартаптар технопаркі, IT-университет пен Бизнес-орталық жұмысын бастайды.

Сондай-ақ, көп функционалды «Конгресс-орталық» та қарқынды жұмыс істеп тұр. Бұл жерде Астана экономикалық форумы, Дүниежүзілік тау конгресі сияқты халықаралық және республикалық шаралар, отандық және шетелдік жұлдыздардың концерті өтіп тұрады.

Ал, логистикалық орталық қайта құрастырудан өткеннен кейін аумағы 21 мың шаршы метрді құрайтын халықаралық көрме орталығы жобасын жүзеге асыру көзделген. Бұл орында да ең ірі халықаралық көрмелер өтеді.

Соңғы жаңалықтар