ЭКСПО-2017: Велосипедпен жолға шыққан Орал тұрғыны Астанаға жетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ЭКСПО - 2017» халықаралық көрмесін тамашалау үшін велосипедпен жолға шыққан оралдық Әбдімәжит Қарабаев Астанаға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, бұған дейін Орал қаласының тұрғыны Әбдімәжит Қарабаевтың «ЭКСПО - 2017» халықаралық көрмесіне велосипедпен аттанғаны хабарланған еді.

Етікшілікті кәсіп еткен Ә.Қарабаев Тараз қаласында туып-өскен. Отбасы жағдайына байланысты бес жыл бұрын Оралға көшіп келген. Табиғатты тамашалап, велосипедпен серуендеуді жаны сүйеді. Тынбай еңбектеніп, өзінің арманын жүзеге асыру үшін бұдан екі жыл бұрын 350 мың теңге тұратын спорттық велосипед сатып алған. 100 мың теңгені жолға қажетті құрал-жабдық алуға жаратқан ол әуелі велосипедіне қоса өзін сынап көрмек болып, Қазақстанның жеті бірдей облысын аралаған.

Саяхатшының айтуынша, Оралдан Астанаға жету үшін велосипедпен 12 күн жол жүрген. Жол бойындағы дәмханаларда телефонын қуаттап, табиғат аясына шатыр құрып тыныққан.

«Жолда тамақтан уланып, қатты ауырдым. Сонда Макинка ауылындағы Қарттар үйінің дәрігері асқазанымды шайып, қажетті ем-дом жасады. Ұсынған ақшамды алмай қойды. Осындай мейірімді жандардың бар екенін көргенде қуанасың», - деп ағынан жарылды саяхатшы.

Саяхтшының сапары Астанамен шектелмейді. Еркіндікті жаны сүйетін Әбдімәжит Астанадан еліміздің оңтүстігіне бағыт алды және велосипедімен қажылыққа баруды армандайтынын жеткізді. 

«Астанада екі күн болып, Этноауыл мен ЭКСПО-ны тамашаладым. Бәрі тамаша, көңілімнен шықты. Енді Қарағандыға бет алып, Тараз, Шымкент, Қызылорда арқылы Оралға жетуді жоспарлап отырмын. Тұтас Қазақстанды велосипедпен аралап шыққым келеді және күш-қуатым жетсе, қажылыққа да велосипедіммен баруды армандаймын», - дейді саяхатшы.   

Соңғы жаңалықтар