«ЭКСПО-2017» көрмесінің тақырыбына Куба тарапының қызығушылығы зор - Р.Сиерра Диас

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілісте Палата төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко Куба Сыртқы істер министрінің орынбасары Рохелио Сиерра Диаспен кездесіп, онда Қазақстан мен Куба арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайту мәселелері талқыланды. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарлады.

Жүздесу барысында вице-спикер Куба елін Кариб бассейніндегі Қазақстанның негізгі әріптесі екенін атап өтіп, екі елдің ынтымақтастығын дамытудың әлеуеті зор екеніне назар аударды. С. Дьяченконың айтуынша, Кубада «Мариэль» арнайы экономикалық аймағының құрылуы аясында ынтымақтастық мүмкіндіктері кеңейе түседі.

Тараптар әңгіме барысында екі елдің перспективалық бағыты мұнайгаз саласы, металлургия, тау кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және құрылыс салалары болып табылатындығына назар аударды. Сонымен қатар С.Дьяченко мен Р.Сиерра Диас Қазақстан-Куба ынтымақтастығын нығайтуға мәдениет, туризм мен спорт саласында қалыптасқан жемісті әріптестіктің септік болатынын атап өтті.

Өз кезегінде Куба СІМ орынбасары осы салалардың өзі Қазақстан үшін Кариб бассейні өңіріне шығуға, Латын Америкасы мемлекеттерімен байланысты дамытуға тамаша мүмкіндік болатынын атап өтті. Сонымен қатар мейман Куба тарапы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы Тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын қолдағанын жеткізіп, бұл ретте еліміздің жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға кезекті рет зор үлес қосатынына сенім білдірді. Сондай-ақ кездесу барысында кубалық компаниялардың ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысу мәселесі де қозғалды. Бұл ретте Р.Сиерра Диас Астанада өтетін Халықаралық көрме тақырыбына Куба тарапының қызығушылығы зор екенін, өйткені қазіргі таңда Куба елі энергетикалық негіздерді өзгертіп, жаңартылатын қуат көздеріне басымдық беріп жатқанын жеткізді.

Кездесуге Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы М.Әшімбаев, Қазақстанның Куба Республикасындағы Уақытша сенімді өкілі І.Тілеген, Қазақстандағы Кубаның Төтенше және Өкілетті елшісі К.Вальдес Де Ла Консепсион да қатысты.

Соңғы жаңалықтар