«ЭКСПО-2017» көрмесіне келген туристерді шарбақтылық шырақшы өз үйінде күтіп алады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысы Шарбақты ауданына қарасты Арбиген ауылының тұрғыны, Ғабдылуахит Хазірет кесенесінің шырақшысы Ермек Рахметов «ЭКСПО-2017» көрмесіне келген туристерді өз үйінде күтіп алмақ.

Бұл туралы Шарбақты ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ризагүл Неғманова мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.     -Арбиген ауылынан 12 шақырым жерде орналасқан Хазірет ата кесенесіне туристер көптеп келеді. Кесененің маңында ағаштан салынған сәулетті үй бар. Алайда кейбір қонақтар жақын жерде зират болғандықтан, ол жерге қонудан бас тартатын. Сондықтан, кесене шырақшысы Ермек Рахметов өз үйін қонақ күтуге беруге келісімін берді, - деді әкімнің орынбасары.

Р. Неғманованың айтуынша, шетелдік меймандарды күтуге арналған 15 орындық баспана тұрмысқа жайлы. Биыл жаз маусымында тұрғын үйдің айналасына қоршау орнатып, монша тұрғызу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға аудан әкімдігі және аудандық «Ертіс орманы» резерваты көмек қолын созбақ.     -Мұнда жылына 2000-ға жуық турист келеді. Осы жерде жұмыс істеп жатқаныма бес жылдай уақыт болды. Менің атам Қорабай Ғабдылуахит Хазіреттің інісі әрі шәкірті болған, - деді Е. Рахметов.

Айта кетерлігі, Шарбақты ауданы Арбиген ауылының жанында Шалдай орманында  2012 жылы бой көтерген жаңа кесене халықтың қаражатына салынған. Құрылыс жұмыстарына облыстық қамқоршылар кеңесі жетекшілік еткен. 

Соңғы жаңалықтар