«ЭКСПО-2017» көрмесіне Ақтөбеден 25 жоба ұсынылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ЭКСПО-2017» көрмесіне Ақтөбеден 25 жоба ұсынылды. «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен брифингте облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлы осылай мәлім етті, деп жазады «Ақтөбе» газеті.

Брифингте жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының жай-күйі, «ЭКСПО-2017» көрмесіне Ақтөбенің дайындығы, сыртқы байланыстарды нығайтудағы жұмыстар мен халықаралық ұйымдардың біздегі жобалары туралы айтылды.

Облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасы басшысының айтуынша, қазіргі таңда өңірдің 2016-2020 жылдарға арналған туризмді дамыту бағдарламасы дайындалып жатыр. Оның аясында геотуризмді дамытуға арналған жаңа орындарды әзірлеуге ерекше басымдық берілген. Сондай-ақ, бұл саладағы тағы бір жаңалық - жуырда жұртшылық үшін арнаулы байланыс орталығы ашылып, оған кез келген тұрғын туристік маршруттар, аймақтың көрікті жерлері, т.б. бойынша өзін толғандырып жүрген сауалдарына жауап ала алады.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, облыста республикалық маңызы бар автокөлік жолдарында 106 қызмет көрсету нысаны бар. Және жыл өткен сайын олардың саны артып отыр. Айталық, жыл соңына дейін осындай тектес 12 орталық тағы ашылады деп күтілуде. Осыдан-ақ Ақтөбеге келушілердің қарасы жылма-жыл көбейіп келе жатқанын байқауға болатындай.

Келер жылы елімізде өтетін халықаралық «ЭКСПО» көрмесіне «Жасыл экономика» жобасы аясында біздің облыстан бүгінгі күні 25 жоба іріктеліп алынған. Бұл, Ермек Кенжеханұлының сөзінше, жақсы көрсеткіш. Оның ішінде қалдықтарды қайта өңдеу бойынша - 7, ауаның ластануын төмендететін 4 жоба бар. Ал маңызды шараға облыстан 17-24 жас аралығындағы 100 ерікті қатысады деп жоспарланған. Оның 30-ы - қазірдің өзінде сақадай сай, барлық талап-сындардан мүдірмей өткен. Болашақта ақтөбеліктердің дүниежүзілік көрмеге қызығушылығын арттыру мақсатында ол жаққа қарай баратын пойыздар мен автобустар санын арттыру және олардың жолақысын мүмкіндігінше көңілге қонымды етуге күш салу қарастырылған.

- Биылдыққа дипломатиялық миссия және халықаралық ұйымдар өкілдерімен 15 кездесу өткізілді. Чехия, Индонезия, Швеция, Норвегия, Финляндия, Германия, Голландия сияқты елдерден келген құрметті қонақтармен келіссөздер жүргізілді. Сонымен қатар, «Дипломатиялық бизнес клуб» алаңында 45-тен астам қазақстандық мәртебелі меймандармен жүздесулер өтті. Бірнеше мемлекеттердің осында құрметті консулдығы ашылғанынан көпшілігі хабардар. Мұндай іскерлік байланыстар жалғасын таба бермек, - деді Ермек Кенжеханұлы.

Халықаралық ұйымдармен байланыстың да бірте-бірте нығайып келе жатқаны, бұл сала бойынша бірсыпыра жұмыстардың атқарылғаны айтылды.

Облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлы көп ұзамай шаһарда виза орталығы ашылатынын мәлім етті.  Оның нақты қашан іске қосылатыны жөнінде басқарма басшысы «әзірге белгісіз, бұл туралы қосымша хабарлайтын боламыз», деді.

Соңғы жаңалықтар