ЭКСПО-2017 көрмесі су ресурстары саласында алдыңғы қатарлы инновацияларды әзірлеуге серпін береді - Траян Христеа

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жасыл экономика моделіне көшу бойынша Қазақстанды қолдау» жобасы су секторында «жасыл тәжірибені» кеңінен таратуға негіз болады.

Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстанның су ресурстарын басқаруда инновациялық шешімдерді енгізу тақырыбындағы баспасөз мәслихатында ҚР АШМ вице-министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті.

«Су секторына басымдық қойылған «Жасыл экономика моделіне көшу бойынша Қазақстанды қолдау» жөніндегі ЕО-ның, БҰҰ ДБ бірлескен жобасын жүзеге асыру министрлік үшін дер кезінде жасалған және маңызды бастама болып табылады. Негізгі мүдделі тараптармен өзара іс-қимыл арқылы әзірленген жоба ҚР Үкіметінің басты басымдықтарына сәйкес келеді. ЕО-ға, БҰҰ Даму бағдарламасына және БҰҰ ЕЭК-ге Қазақстанның су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіруде, оның ішінде «Жасыл экономика моделіне көшу бойынша Қазақстанды қолдау» жобасы аясында көмек көрсеткендері үшін алғысымды айтқым келеді. Аталған жобаның нәтижелері су секторында «жасыл тәжірибені» кеңінен таратуға негіз болады»,-деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев.

Өз кезегінде Еуропалық одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің басшысы, Елші Траян Христеа судың лайықты сапасы мен жеткілікті көлемін қамтамасыз ету ел тұрғындарының, фермерлердің және өнеркәсіптің мүдделеріне сәйкес келетінін атап өтті.

«Сондықтан, 2014 жылдың соңында жасалған келісім негізінде ЕО тарапы ҚР АШМ Су ресурстары жөніндегі комитетімен тығыз байланыс жасап, ЕО-ның 7,1 млн. еуро көлеміндегі қаржылық қолдауымен ЕО/БҰҰДБ/БҰҰ ЕЭК-тің бірлескен жобасын бастады. Қаржыландырудың елеулі бөлігі жергілікті деңгейдегі қанатқақты жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. Алдағы жылы басталатын ЭКСПО-2017 көрмесі салада алдыңғы қатарлы әдістер мен инновацияларды жасауға серпін беретініне үміттенемін»,-дейді Траян Христеа.

Айта кетейік, жобаны жүзеге асыру мерзімі 2015-2018 жылдарға арналған. Жоба аясында суды пайдаланудың экономикалық тетігі жөніндегі нұсқаулар жасалып,халықаралық су заңнамасын қолдануға жәрдем көрсетіліп, су ресурстарын трансшекаралық басқару бойынша ынтымақтастық нығайтылмақ.

Сарапшылардың айтуынша, жоба су ресурстарын басқарудың жаңа әрі тиімді әдістерін, сумен жабдықтау мен ауыз су жөніндегі экономикалық құралдарды, ауыл шаруашылығындағы тұрақты тәжірибелерді қамтиды. Гранттық бағдарлама арқылы Қазақстанның 8 аймағында су сақтайтын жобаларды жүзеге асыру үшін 14 мемлекеттік емес ұйымдарға қолдау жасалды.

Соңғы жаңалықтар