ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өтетін конгреске Нобель сыйлығының лауреттары келеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Астанада өтетін инженерлер мен ғалымдардың дүниежүзілік конгресіне «Нобель» сыйлығының ғалымдары мен әлемге танымал ғылыми-зерттеу орталықтарының мамандары келеді. Бұл туралы бүгін Алматыда конгреске дайындық барысын пысықтауға арналған дөңгелек үстел барысында халықаралық жиынның бас үйлестірушісі, Ұлттық инженерлік академияның ғылыми хатшысы Гүлбазар Медиева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Болашақтың энергиясы: инновациялық сценарийлер және оларды жүзеге асыру әдістері» тақырыбында инженерлер мен ғалымдардың дүниежүзілік конгресі (WSEC-2017) 19-20 маусым аралығында Астана қаласында ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өтпек. Дөңгелек үстелді басты баяндама жасаған Г.Медиева мұндай шара әлем тәжірибесінде тұңғыш рет ұйымдастырылғалы отырғанын айтты.

«Конгрестің тақырыбын екі жыл бойы талқыладық. Себебі, Қазақстан ғалымдары ғана емес, энергетика саласындағы халықаралық ұйымдармен кеңестік. Конгресс аясында 15 шара ұйымдастырылады. Мұндай шара бірінші рет ұйымдастырылғалы отыр. Себебі, бұған дейін ғалымдар ғылыми еңбектерін ғана ұсынса, бұл жолы инженерлер де өз қондырғыларын көрсете алады. Онда Қазақстан атынан  Ұлттық инженерлік академияның академиктері Болотовтың турбиналары мен академик Надировтың «Торнадо» қондырғыларын көрсете аламыз. Сонымен қатар, Күн мен желдің қуатын жинай алатын қондырғыларды таныстыратын боламыз», - деді Гүлбазар Медиева.     

Г.Медиева конгреске әлемдегі беледі Нобель сыйлығының лауреаттары танымал ғалымдар келгелі жатқанын жеткізді.

«Химия саласы бойынша Нобель сыйлығының иегері, германиялық ғалым Штефан Хелл және физика мамандығы бойынша Нобель сыйлығының иегері, америкалық Данкан Холдейн қатысады. Сонымен қатар, Катар елінің Тәуелсіз энергетикалық компаниясы мен Халықаралық IRENA ғылыми орталығының ұйымдастыруымен арнайы конференциялар өтеді. Бүгінгі таңда әлемнің 50 елінен 200-ден астам танымал ғалымдар мен мамандар конргеске қатысатынын растады. Олардың арасында, «Ғаламдық энергия» Халықаралық сыйлығының лауреаттары, бірқатар елдің министрлері мен ғылыми-инженерлік бірлестіктердің басшылары бар»,  - деді Г.Медиева.

Айта кетейік, Халықаралық бағдарламалық комитетіне Нұртай Әбіқаев төрағалық ететін WSEC-2017 жиыны ЭКСПО-2017 аясында әлемнің жетекші ғалымдары мен инженерлерінің басын қосатын маңызды іс-шараның бірі болмақ.

Соңғы жаңалықтар