«ЭКСПО-2017» көрмесі аясында келесі жылы Астанада шинкиокушинкай каратэден әлем чемпионаты өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Келесі жылы елорда төрінде «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Шинкиокушинкай каратэден әлем чемпионаты өтеді. Бұл туралы бүгін Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде өткен баспасөз мәслихатында Республикалық шинкиокушинкай каратэ федерациясының президенті Төлеген Мұхамеджанов мәлім етті.

Баспасөз мәслихатына Бүкіләлемдік шинкиокушинкай каратэ ұйымының президенті Мидори Кенжи, шинкиокушинкай каратэ федерациясының президенті Төлеген Мұхамеджанов, Қазақстан киокушинкай-кан каратэден Республикалық Ұлттық федерацияның Құрметті президенті, Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының орынбасары Әбіл Донбаев, Бүкіләлемдік шинкиокушинкай каратэ ұйымының бас мененжері Кои Ясуказу қатысты.

«Келесі жылы елімізде ең ірі іс-шаралардың бірі «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі өтетінін жақсы білесіздер. Осы шара аясында біз шинкиокушинкай каратэден әлем чемптонатын өткізгелі отырмыз. Біріншілікті 2017 жылы шілденің 1 күні өткізуді жоспарлап қойдық. Басты мақсатымыз - жарысқа келген қонақтар мен спортшыларға елордамызды, ЭКСПО-ны көрсету. Қазақстанды әлемге таныту. Қазіргі жоспар бойынша жарысқа 250 спортшы қатысады деп отырмыз. Оның сыртында 250 адамды арнайы қонаққа шақырамыз. Ал өз еркімен әлем біріншілігіне келетін қонақтардың саны екі мыңға жуықтайтын болады», - деп атап өтті Төлеген Мұхамеджанов.

Сондай-ақ, федерация президенті бұл әлемдік доданы өткізу үшін 2005 жылы кезекке тұрғанын және бұл ұсынысты Дүниежүзілік шинкиокушинкай каратэ федерациясы қолдап, Қазақстанда 2017 жылы ӘЧ өткізуге ресми түрде рұқсат бергенін де атап өтті.

«Бұл әлемдік чемпионат - халықаралық аренада өте беделді жарыс. Олимпиада ойындары сияқты бұл біріншілік те 4 жылда бір өтеді. Сондықтан болар, осы доданы каратэден Олимпиада ойындары деп атасақ, қателеспейміз», - дейді Төлеген Мұхамеджанов.

Баспасөз мәслихаты барысында Бүкіләлемдік шинкиокушинкай каратэ ұйымының президенті Мидори Кенжидің Астанадағы спорт кешендерін аралап, әлем біріншілігі өтетін стадионды көруге арнайы келгені мәлім болды. Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының орынбасары Әбіл Донбаев: «Қазірше бұл доданың нақты қай спорт сарайында өтетіні белгісіз. Алдағы уақытта жарысқа қатысатын спортшылар мен қонақтардың санына қарай ақылдасып белгілейтін боламыз», - деді.

Жарысты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қалсының әкімдігі, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК көрмесі бірлесіп ұйымдастырмақ. 

Соңғы жаңалықтар