«ЭКСПО-2017-ге» арналған туристік пакеттердің бағасы белгілі болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ЭКСПО-2017» көрмесіне келетін шетелдік саяхатшылар үшін 73 туристік бағдар әзірленді.

Бұл туралы бүгін «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ туризм және дамыту департаментінің директоры Аллен Шайжүнісов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі күні қазақстандық туристік компаниялармен 76 мың билет сатып алу үшін 7 келісімшартқа қол қойылған. Бірақ, бұл билеттер туристік пакеттер құрамында сатылады. Яғни, ЭКСПО-ға кіруге ғана билет сатылмайды. Турпакетте Астанаға ұшып келу, еліміздің Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Шымкент сынды қалаларының біріне саяхаттау қамтылған», - деді Шайжүнісов.

Оның айтуынша, 2016 жылы елімізге 6 млн. шетелдік азамат келген.  Бірақ, оның ішінде саяхаттап келгендері небәрі 65 мың адамды ғана құрайды. Ал қалғандары жұмыс істеуге, бизнес бабымен немесе түрлі форумдар мен жиындарға қатысуға келеді екен. Ал осы жылдың үш айында ғана келесі жылы өтетін ЭКСПО көрмесіне келу үшін туристік топтаманы 76 мың адам сатып алған. Бұл ретте туристік топтама эконом, стандартты және премиум санаттарға бөлінеді.

«Қазіргі уақытта 20 адамдық топпен Астанаға үш күнге келгендегі ең төменгі құн шамамен 40 мың теңгеден асады. Оған үш күнгі тұратын орын, тамақтану, ЭКСПО көрмесіне бару және қала бойынша саяхаттау кіреді. Стандартты пакет 60 мың теңгеден, ал бизнес санат  120 мың теңгеден басталады», - деді ол.

Шайжүнісовтің айтуынша, «Астана ЭКСПО-2017» компаниясы облыстардың және қалалардың әкімдіктерімен бірлесе отырып, шетелдік саяхатшылар үшін 73 туристік бағдар әзірлеген. Оны үш санатқа бөліп қарастыруға болады.

«Бірінші санатқа тарихи-мәдени орындар, екінші санатқа Байқоңырға, Қапшағай мен Бурабай арнайы ойын аймағына бару, ал үшінші санатқа экологиялық турлар кіреді», - деді департамент басшысы.      

Соңғы жаңалықтар