ЭКСПО-2017 ашылуында энергияның пайда болу құбылысы көрсетілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ресми ашылу рәсімінде энергияның пайда болуы мен жел, күн, су энергиясының қуаты туралы театрландырылған қойылым көрсетілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қойылым әуеде қалықтаған шармен ашылды, ұйымдастырушылар мұнда жаңа инновациялық жаңалықтарды көрсетуге тырысқан. Сахнаға шыққан адамзат кеңістікке жан бітіріп, төңірегіне жарық шашып тұрған сфераға қол созып, оның сыры неде екенін білуге талпынады. Адамзат баласының энергияның тылсымына үңіліп, құпиясын білу жолында ғылымға аяқ басқаны белгілі, балет бишілері би қимылдары арқылы осыны бейнеледі.

Сфера өзіне қанша шақырса да, адамзаттың талпыныстарынан түк шықпады. Кішкентай қыз әуеге көтеріліп, сфераға қол тигізгенде ғана, кеңістік жарқ етті. Бұл айналасына шуақ шашқан энергияның сол мезетте адамзат өмірінің ажырамас бөлшегіне айналғанын көрсетеді. 

Келесі эпизод Ғарыш пен күннің шексіз энергиясына арналды. Қараңғы түнде пайда болған от ұшқыны жойқын жарылысқа ұласты. Ғылыми тұжырым бойынша, бұл жарылыс Жердің пайда болуын меңзейді. Сахна төрінде сәулесін шашқан сфера пайда болды. Пайда болған сфераны өзге ғаламшарлар айналып жүрді. Осылайша, Күн жүйесінің пайда болуы бейнеленді. Ал ондағы екі астронавт - адамзаттың ғарышты бағындыруы еді. Күннен қуат сұраған ерте заман мен күн панельдерін көтерген бүгінгі күндер қатар көрсетілді. Сондай-ақ, қойылымда болашақтың адамы - электр бағындырушысы арқылы адамзаттың энергияны игеруі, Ампер, Ньютон, Гальвани, Тесла сынды адамзаттың дамуына үлес қосқан ғалымдар бейнеленді. Электр энергиясына жол тауып, өмірімізді түбегейлі өзгерткен ұлы ғалымдарға мәңгілік қарыздармыз.

Кезекті эпизод Жер энергиясына ұласты. Бұл бөлім Жер - Ана, жердің астыққа, байлыққа толы, жердің жылуы өмір сыйлайды дегенге саяды. Жертің тартылыс күші сахнада барабаншылар арқылы көрініс тапты. Аздаған уақыттан соң, сахна тұнық су бетіне айналды. Ондағы мұхит түбіне сапар шеккен адамзат өзінің табиғатпен біртұтас екенін бейнелейді. Мұхиттың қуаты мол, бүгінде әлемнің дамыған елдері мұхит толқынынан қуат алып отыр. Сәлен кейін сайын далада желдің ығына қарай жылжыған ақ сақалды ата көрінді.  Бұл қазақ даласының Жел энергетикасының қайнар көзі екенін, қазақ даласының сарқылмас қуаты жел екенін білдіреді. Тұманның арасынан қыздың сұлбасын көрінді, ол еліміздің мақтанышы Мария Мудряк еді.  Дарынды әнші қазақтың халық әні «Япурайды» орындады.

Қойылым соңы жас жеткіншектердің балғын үнімен қорытындыланды. Олар әлемнің түрлі тілінде жасыл энергия туралы өз ойларын айтты. Бұл Қазақстанның көпұлтты ел екенін және болашақтың ұрпақтар қолында екенін білдірсе керек. Балалар салған суреттер арқылы келешектегі футуристикалық Астана бейнеленді.

Айт кетейік, Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ресми ашылу рәсімі өтіп жатыр. Оған 17 мемлекет және үкімет басшылары арнайы келді. Олар Қазақстан экспозицияларын тамашалап, Көрме аумағы мен қатысушы елдердің павильондарымен таныс болды.

Ресми ашылу барысында Конгресс-Орталығында театрландырылған қойылым өтті және ол Амфитеатрдағы концерттік бағдарламамен ұласты. Концерт аяқталған соң, көрермендер Сферадағы проекциялық лазерлі шоуды және таңғажайып отшашуды тамашалайды.

Соңғы жаңалықтар