ЭКСКЛЮЗИВ: Польшалық қария Қазақстаннан іздеген отбасын Ресейден тапты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Польшаның 90 жастағы тұрғыны Kyzylorda-news.kz редакциясы арқылы іздеу салған Қазақстанда тұратын отбасының немересін ҚазАқпарат тілшісі Ресейден тапты.

ҚазАқпараттың сауалына жауап қатқан Макинск селолық округінің әкімдігіндегілер біраз жайдың бетін ашты. Миринчук отбасы шынымен де Біржан сал ауданының Макинка ауылында тұрып, кейін 90-шы жылдары Ресейге қоныс аударған. Олар бізге Устиньяның 58 жастағы немересі Татьяна Миринчукпен байланысқа шығуға көмектесті. Бүгінгі таңда Татьяна Ресейдің Омбы қаласынан 58 шақырым қашықтықта орналасқан Омбы облысы Марьяновка кентінде тұрады.

«Миринчук Устинья Васильевна - менің әжем. Мен оның ортаншы ұлы Петрдің үлкен қызымын. Поляктардың, оның ішінде Иза тәтейдің біздің үйге келгені әлі есімде. Олар әжемнің үйінде болды, әкем мен әжем оларды құшақ жая қарсы алды. БАҚ-та жарияланған суреттердегі - Иза тәтей», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Татьяна.

Өкінішке қарай, 1910 жылы туған Устинья о дүниелік болған.

«Наурыз айында оның бақилық болғанына 34 жыл толады. Ал, атамыз Максим Андреевич 1988 жылы қайтыс болды. Әкеміз де 1993 жылы дүниеден өтті. Өткен жылы анамыз да марқұм болды. Әкеміз қайтыс болған соң анамызды жалғыз қалдырмайық деп Ресейге алып кеттік», - дейді немересі.

Татьянаның сөзінше, Устиньяның үлкен ұлы Ростов облысында тұрды. Оның екі баласы қалды. Ортаншы ұлдан туған қыздың отбасы Омбы облысында және Германияда тұрады. Ал, кіші ұлының туыстары Алматы облысында тұрып жатыр. Үлкен ұлы Анатолий мен кіші ұлы Виктор Польшаға қонаққа барды.

Дегенмен, материал әзірленіп жатқанда Татьяна Миринчук Kyzylorda-news.kz бас редакторының орынбасары Жәнібек Исаевқа хабарласып үлгеріпті.

«Уламен Фейсбук арқылы байланыстамын. Әлгінде ғана оған Татьянаның координаттарын жібердім. Біз бұл оқиғаны одан әрі қадағалап, жалғасы не болғанын айтамыз», - деді ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы Ж.Исаев.

Өз кезегінде пан Ула бұл оқиғаға бей-жай қарамай, көмек қолын созғандарға ризашылығын білдірді.

«Миринчук отбасын іздеуге көмектескендерге көп рахмет. Арада көп жылдар өтсе де, біз Устинья Миринчуктің жомарт жүрегі мен көмегін ұмытқан жоқпыз және оларға алғысымыз шексіз», - деп жазды ол ҚазАқпарат тілшісіне.

Еске сала кетейік, өткен ғасырдың алғашқы жартысында Қазақстанға жер аударылған Ула Котарбаның отбасына Макинка ауылының тұрғыны Устинья Миринчук көмектескен болатын. Ол жер ауып келген поляктарды қамқорлығына алып, соңғы нанымен бөліскен еді. Соғыстан кейін Изабелла Польшаға қайта оралды. Қос отбасы біраз уақыт хабарласып, қал-жағдай сұрасып тұрды. Алайда, кейін байланыс үзілді. Интернет арқылы іздеу нәтиже бермеген соң қария Устинья Миринчуктың отбасын табу үшін Kyzylorda-news.kz редакциясы арқылы қазақстандықтардан көмек сұраған еді.

Автор: Оксана Матасова

Соңғы жаңалықтар